
Алматыда қалалық хайуанаттар бағының аумағында қоғамдық тәртіпті бұзған жас жігіт жауапкершілікке тартылды. Оқиға бейнежазбаға түсіп қалып, әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырған болатын.
Тәртіп бұзушылық дерегі әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында анықталды. Бейнежазбада жас жігіттің қоғамдық нысан аумағындағы мінез-құлық ережелерін ескерместен, арыстанның қоршауына қарай тасқа ұқсас затты лақтырғаны тіркелген.
Полиция қызметкерлері жедел түрде құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол бөлімшеге жеткізілді. Оған қатысты «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты іс материалдарын зерделеп, азаматты кінәлі деп таныды. Ведомствоның хабарлауынша, істі қарау қорытындысы бойынша құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Хайуанаттар бағының әкімшілігі келушілерге жануарларды қорқыту, ұру немесе оларды белгіленбеген тағаммен қоректендіру әрекеттері үшін заң жүзінде қатаң жаза қарастырылғанын, ал саябақтағы қауіпсіздік бейнебақылау камералары арқылы тұрақты қадағаланатынын кезекті рет ескертеді.
В Атырау -10