
Ақтөбе облысында жоғалып кеткен 10 жасар баланы іздестіру жұмыстары аяқталды. Құтқарушылардың мәліметінше, Мансүр Саматовтың мәйіті Елек өзенінен, жағадан шамамен үш метр қашықтықта, 1,5 метр тереңдіктен табылды.
Естеріңізге сала кетейік, 4-сынып оқушысы 29 наурызда жоғалып кеткен болатын. Содан бері өңірде тәулік бойы іздестіру шаралары жүргізілді.
Іздестіру жұмыстары Мәртөк ауданындағы Сарыжар ауылының маңында өтті. Операцияға Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ), полиция, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, әскери қызметшілер, еріктілер және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
Іздестірудің алғашқы сағаттарынан бастап ТЖМ авиациясы қолданылды, бұл үлкен аумақтарды жедел тексеруге мүмкіндік берді. Күн сайын сүңгуірлер акваторияның 30–35 шақырымына дейін зерттесе, су көліктерімен 25–30 шақырым су беті тексерілді. Жаяу топтар жағалау сызығының 15–20 шақырымын қарап шықты, ал пилотсыз ұшу аппараттарының көмегімен тағы 10–15 шақырым аумақ бақыланды. Сондай-ақ, іздестіру барысында эхолоттар белсенді қолданылды.
Құтқарушылар атап өткендей, жұмыс барысына өзеннің ерекшеліктері — арнасының ирелеңдігі, қатты ағыс, қалың өсімдіктер және судың лайлылығы салдарынан көріну деңгейінің төмендігі айтарлықтай қиындық тудырды.
Осы қайғылы жағдайдан кейін құтқарушылар су айдындарының маңында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін тағы да ескертті.
В Атырау -10