
Спорт саласындағы дереккөздердің мәліметінше, «Атырау» ФК ресми түрде облыс билігі тарапынан сатылымға шығарылып, жекеменшік қолға өтті.
Аукционның сәтті аяқталғаны туралы ақпаратты журналист Эльдар Аманбаев хабарлады.
Бұл мәліметке сәйкес, бұған дейін әлеуетті инвестор ретінде есімі аталған ақтөбелік кәсіпкер Әлімбек Мұқанов жаңа жобаға қатыспайды. Клубтың жаңа инвесторы ретінде негізгі бизнесі мұнай өндіру, теміржол тасымалы және логистика салаларымен байланысты атыраулық кәсіпкер Болат Қонарбайдың есімі аталады.
Клубтың жаңа иесі команданы қаржыландыруды өз мойнына алып, футбол академиясын салуды қоса алғанда, инфрақұрылым жобаларын іске асыруға атсалысады деп күтіледі.
Аманбаевтың ақпараты бойынша, жақын арада клубтың жаңа басшылығы әкімдік өкілдерімен бірге Түркістанда өтетін 6-турдағы матчқа баруы мүмкін. Онда «Атырау» Петропавлдың «Қызылжар» командасымен кездеседі.
Қазақстан Премьер-лигасының бес турынан кейін «Атырау» 7 ұпаймен турнирлік кестеде сегізінші орында тұр.
В Атырау -10