
Елімізде мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою рәсімінің басталуы меншік иесін сот арқылы қорғалу құқығынан айырмайды. Конституциялық Сот осы мәселеге қатысты маңызды түсініктеме берді.
Даудың төркіні неде?
Конституциялық Сотқа бір азаматтан өтініш түскен. Ол әкімдіктің жер учаскесін алып қою туралы қаулысын сотта дауламақ болған. Алайда, соттар «ведомстволық бағыныстылық пен соттылық талаптары сақталмаған» деген уәжбен істі мәні бойынша қарамаған. Осыдан кейін өтініш беруші Жер кодексі мен «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның нормалары менің сот арқылы қорғалу құқығымды шектейді деп шағымданған.
Конституциялық Соттың шешімі
Істі қараған Конституциялық Сот қолданыстағы заңнаманың Конституцияға қайшы емес екенін мәлімдеді. Соттың түсіндіруінше:
Құқық сақталады: Заң бойынша меншік иесі жерді алып қою туралы шешіммен келіспесе, оны сот тәртібімен тексертуге толық құқылы.
Заңда кедергі жоқ: Дауланып отырған заң нормалары сот төрелігіне қол жеткізуді шектемейді, керісінше, сотқа жүгіну рәсімдерін қамтамасыз етеді.
Іс неге қаралмады?
Конституциялық Соттың анықтауынша, өтініш берушінің ісі сотта қаралмауына заңның сапасыздығы емес, процестік нормалардың дұрыс қолданылмауы себеп болған. Яғни, нақты жағдайда соттар ведомстволық бағыныстылық ережелерін қате түсінген болуы мүмкін, бірақ бұл заңның өзі қате дегенді білдірмейді.
Маңызды: Мемлекет мұқтажы үшін жерді алып қою рәсімі басталған кез келген азамат немесе заңды тұлға өз құқығын сотта қорғауға және әкімдік шешімімен келіспеуге құқылы. Конституцияның 13-бабына сай, әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына кепілдік беріледі.
В Атырау -10