
Семей қаласында 20 жастағы 4-курс студенті құрылыс алаңында қосымша жұмыс істеп жүріп, оң қолынан айырылды. Жас жігіт іске қосулы тұрған бетон араластырғыштың ішіне түсіп кеткен. Зардап шегушінің туыстары техникалық қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылғанын айтады, деп хабарлайды tv7.kz.
Болашақ заңгер Асылжан Қалелов бұл нысанда небәрі үшінші күн жұмыс істеп жүрген. Жас жігіттің айтуынша, онымен ресми еңбек шарты жасалмаған, ал нұсқаулық тек «қосу/өшіру» түймелерін көрсетумен ғана шектелген.
Оқиғаның мән-жайы
Қайғылы жағдай бетон араластырғыштың ішіне тас тұрып қалған кезде болған. Асылжанның сөзінше, ол тасты шығарып алмақ болып, ішіне түскенде аппарат өшірулі тұрған.
«Мен қолыма кішкентай қалақ алып, ішіне түстім. Қалай болғанын түсінбеймін — бетон араластырғыш өздігінен қосылып кетті. Тіпті ештеңе сезіп үлгермедім. Көзімді ашсам, жерде жатырмын. Айналамдағылар жанталасып жүгіріп жүр», — дейді Асылжан.
Жігіт шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер қолын сақтап қала алмады — қолын үгітіліп қалған.
Туыстары мен құрылыс компаниясының реакциясы
Зардап шегушінің анасы Гүлмира Сәрсембаева құрылыс алаңында тәжірибесіз студенттердің қауіпті учаскелерге жіберілуіне наразы. Сонымен қатар, отбасы мүшелерінің айтуынша, құрылыс компаниясының өкілдері әлі күнге дейін байланысқа шықпаған және ешқандай көмек ұсынбаған.
Ресми органдардың жауабы
Абай облысының еңбек инспекциясы төтенше жағдай бойынша арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
«Комиссия себептерін анықтау үшін жұмысқа кірісті. Тергеу материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданады», — деді мемлекеттік еңбек инспекторы Қайрат Жөкебаев.
Семей қаласының Әуезов аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы («Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Кінәлілерге нақты түрме жазасы қаупі төніп тұр.
Алдағы уақытта Асылжан ұзақ мерзімді оңалту кезеңінен өтеді. Отбасы студентті тиісті дайындықсыз қауіпті жұмысқа жібергендердің қатаң жазалануын талап етуге ниетті.
В Атырау -10