Атырау, 27 желтоқсан 03:01
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Бақыт сыйлаған жастар

4 611 просмотра

Геолог поселкесіндегі «Шаңырақ» балалар ауылында ерекше шара бастау алды. Жерлесіміз 19 жасар Нұрхат ЛЕКЕРОВ достарымен бірігіп, балаларға нағыз мереке сыйлады.

Қазақ-түрік лицейінің түлегі Нұрхат мектепте оқып жүргенінде білімге құштарлығын дәлелдеп, Кипрде өткен халықаралық математика олимпиадасынан жүлделі орын алған екен, қазір Лондондағы Гринвич университетінде білім алуда. Туған жерге демалысқа келген ол жай қарап отырғысы келмей, өз идеясын жүзеге асырмаққа бел буады. Кішкентайынан бірге өскен досы Шыңғыс ДАУЫЛБАЕВ және Медина САТҚАНҒҰЛОВАМЕН бірігіп, балалар үйіне көмектесуді ұйғарады.

- Өмірде адамдардың бір-біріне көмектесіп, қайырымды болғандары қандай жақсы. Егер әр адам тек өздерін ғана ойламай, жеке басының қамын күйттеп қана қоймай, бір мезет өзгелерге көмек қолын созып, жақсылық жасаса, біздің еліміз әлдеқашан дамыған елдердің қатарына қосылар еді, - дейді Нұрхат.

Оның айтуынша, бақытты ақшадан табам дейтіндерді Эйнштейннің «Бақытты болудың жалғыз жолы – жақсылық жасау» деген қанатты сөздері ойландыруы тиіс.

Шараның идеясы – ақ қағаздың ортасына суретшілермен салынған суреттің жанын балалар-дың алақанымен көмкеру. Жастар бұл іске университеттің суретші студент қыздарын шықыртыпты. Алдын ала бояулар, сурет салатын маталар, керекті құралдар сатып алынған. Бұл істің бәріне қаржыны жас жерлестеріміз өздері тапқан, туыстары да көмектесіпті. 

Біз «Шаңыраққа» келген кезде балалардың көңілін сайқымазақтар көтеріп, оларды ортаға шығарып билетіп, ойнатып жатыр екен. Ойында жеңген балалар аға-апаларынан тәттілерге қарық болды. Кішкентайлары болса, сайқымазақтардың қызықты қимылдарын бірге қайталап, бәрі қыран-топан күлкіге батты. Жиналғандарға балалар ауылының директоры Гүлсара БОТАТАЕВА жақсы көңіл-күй тілеп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Қызық енді басталды. Жаңағы ақ кенепке салынған суреттер бір мезетте сәбилердің алақандарына толды. Қолдарын бояуға малып алып, балалар өздері салған туындыларын қызықтап қарап тұрды.

Нұрхаттың айтуынша, бұл жерде 30 шақты сурет дайын болыпты. Тағы 10 суретті белгілі суретші Камила ЖАПАЛОВА тарту етуге уәде берген. Бұйырса, дәл осы суреттер 20 қазан күні «Ренессанс» қонақ үйінде өтетін көрме-аукционға жол тартпақ.

- Біз бұл шараға көптеген адамдардың қатысуын жоспарлап отырмыз. Балалардың қолымен салынған суреттер сатылымға қойылып, түскен қаражат түгелімен балалар үйіне аударылады. 20 қазан күні таңертең сатылым болады, ал түстен кейін суреттерді тамашалауға болады, кейін олар иелеріне таратылады. Шара жоғары деңгейде, классикалық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді, - дейді Нұрхат.

Жас жігіттің айтуынша, мұндай қайырымдылық шараларды олар алдағы уақытта да жалғастырмақ. Ал біз жастардың қадамына сәттілік тілейміз!

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

17 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.