
Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында есірткі жеткізу арналары мен олардың таралуын анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
- Есірткі қылмысына жақын туыстардың тартылу фактілері жиілеп келеді, яғни "отбасылық схемалар" қалыптасуда. Алматы қаласында екі ағайынды шамамен бір килограмм синтетикалық альфа-PVP есірткісін тасымалдау кезінде ұсталды. Бұрын сотталған ағасы інісін қылмысқа тартқан.
Тұтқындау барысында олардан қару және оқ-дәрілер тәркіленді. Алматы облысында екі ағайынды ұйымдастырған фитозертхана жойылды. Жалға алынған үйде кейіннен өткізу мақсатында аса ірі көлемде марихуана өсірілген. Жалпы салмағы 61 килограмм болатын 102 түп марихуана өсімдігі бар құмыралар, сондай-ақ жарықдиодты фитошамдар, желдету жүйелері және өзге де жабдықтар тәркіленді.
Тағы бір дерек: Алматы тұрғыны әпкесінің сенімін пайдаланып, оның пәтерінде есірткі қаптаған. Ұстау кезінде 100-ден астам zip-lock пакет және шамамен 500 грамм мефедрон тәркіленді. Cәуір айының он күнінде заңсыз айналымнан бір тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 800 келіден астам синтетикалық түрлері тәркіленді. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Баптың санкциясында мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Есірткі қылмысына қарсы күрес ІІМ қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Есірткі өндіру мен таратудың кез келген әрекеті қатаң түрде тоқтатылады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
В Атырау -10