Атырау, 14 сәуір 17:10
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 474.90
€ 555.30
₽ 6.24

Мал сусыз қалды: Шоқпартоғай тұрғындары Жем өзенін бөгеп тастауды сұрайды

141 рет қаралды
Видеодан скриншот
Видеодан скриншот

Жылыой ауданы Қара Арна округі Шоқпартоғай ауылының тұрғындары Жем өзеніне судың аз келуіне байланысты малымыз сусыз қала ма деп алаңдаулы. Жуырда бір топ адам ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, облыс әкімі Серік Шәпкенов және сала басшыларына арнап Үндеу жолдады.

«УАҚЫТША БӨГЕТ КЕРЕК»

Үндеуде биыл жауын-шашын мен өр суының аз болуына байланысты Жем өзені арнасының күрт төмендеп кеткенін, соның салдарынан тоғандар мен көлдер құрғап бара жатқаны айтылады. Айналғанда жайылымдық алқаптар эррозияға ұшырап, деградацияға түсу қаупі бар. Егер оосылай жалғаса берсе малдан үлкен шығын болуы ғажап емес.

Ауыл тұрғындары мәселені шешудің екі жолын ұсынып отыр.

- Біз мынадай талаптармен шығып отырмыз, біріншіден, Шоқпартоғай ауылы тұсындағы, яғни теміржолдың 1253 км көпірінен асқаннан кейінгі Жем өзенінің айрық бөлігінен су шығару үшін уақытша немесе тұрақты бөгет салуға ресми рұқсат берсе, екіншіден, түбегейлі жағдайды шешу үшін су реттейтін шлюз (гидротехникалық құрылғы) салынса деген тілегіміз бар. Себебі, ауыл адамдары малмен күнелтіп отырғандықтан бұл мәселе шұғыл түрде шешілуін қалаймыз,-дейді шоқпатоғайлықтар.

Судың тапшы болуына байланысты бес суат (тоған) әлден құрғай бастап, суы тартылғандықтан малдың балшыққа бату қаупі туындаған. Ауыл адамдары ең болмаса осы суаттарды суға толтырып берсе дейді, жазғы күндері су таппай шөлдеген мал босып кете ме қорқып отыр. 

Кейбір шаруа қожалықтары водовозбен су тасып беру әрекетіне көшкен, бірақ бұл тығырықтан шығудың жолы емес болып тұрған көрінеді.

Ауыл адамдары Үндеуді жолдамас бұрын аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың атына арыз түсіріп, соның жауабын күтіп жүрген көрінеді.   

ӘКІМДІК ЖАУАПКЕРШІЛІК ТУРАЛЫ ЕСКЕРТЕДІ

Аудандық әкімдікте өзен арнасын топырақ арқылы бөгеу жөніндегі ұсыныстың заңнамаға қайшы екенін түсіндірді.

- Шоқпартоғайлықтардың ауыл шаруашылығы үшін жайылымдық жерлерге су шығару жөніндегі Үндеуінде Жем Жем өзені арнасын уақытша топырақ арқылы бөгеу және шлюз салу туралы сұранысы ҚР заңнамаларына қайшы әрекет болып табылады және қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады. Ал ауыл тұсынан Жем өзені арнасына су реттейтін шлюз (гидротехникалық құрылыс) салу үшін зерделелеуге белгілі бір уақытты қажет етеді, әрі ҚР Экология және табиғи ресурстар Министрлігі мен «Жайық-Каспий»  бассейндік инспекциясының рұқсатымен жүзеге асырылады, - дейді аудан әкімінің орынбасары Ерлан НҰРЛАНОВ.

Оның айтуынша, қазіргі кезде әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында тиісті мекеме басшыларымен бірігіп, ауыл тұрғындарымен кездесіп, түсіндірме жұмысы жүргізілмек.

60 ЖЫЛДАН БЕРІ СУ ШЫҒАРЫЛЫП ЖҮР

Жалпы аудандағы малдың 50 пайызы шоқпартоғайлықтардың үлесінде көрінеді. Ауыл Жем өзені деңгейінен 2 метр биіктікте орналасқандықтан малға судың тапшылығы бұрыннан қалыптасқан жағдай. 

60 жылдан бері өзен арнасын топырақты төгу арқылы бөгет жасап, су шығарып жүрген. Кейін жұртшылық арасында резонанс туып, өзен арнасының топырақпен көміліп жатқандығы жөнінде шағымдар көбейді. Ал Қара Арна округінің жайылымдығы мен шабындығы азайып, көлдер құрғап шіріп жатты. Мал қрғақшылықтан тентіреп кетті. Кейбір шаруа қожалықтарықтары көршілес Ақтөбе облысына барып табан тіреді. 

2023 жылы Жылыой ауданы әкімдігі осы тығырықтан шығу үшін демеушілікпен Жем өзеніне бірнеше тұрбалар орнатып, шлюздер ретінде ашып жауып отыру тәжірбиесін жасады. Бірақ әкімдіктің өзенге шлюз салуы дауға ұласып, заңсыз болғандықтан бұзылды. 

2024 жылы су тасқыны кезінде округтің біраз бөлігіне су барған болатын. Биыл өр суы аз келіп, Жем өзені толмай арнасы төмен түсті. 

- Ауыл биікте орналасқандықтан біз жаққа су келетін түрі жоқ, ол үшін суды бөгемей болмайды, -  дейді ауыл адамдары шырылдап.

Айта кету керек, Жем өзені мен Құрсай өзегін түптереңдету мен арнасын кеңейтуге млрд-таған қаржы жұмсалды. Бірақ бұл шоқпартоғайлықтардың проблемасын шешпеді.

«АЖ» бұл жайды назардан түсірмек емес.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бүгін, 13:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.