Атырау, 14 сәуір 20:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 474.90
€ 555.30
₽ 6.24

Атыраудағы жасөспірім өлімі: полиция кінәлілердің жазадан неге құтылғанын түсіндірді

147 рет қаралды

Атырауда 2024 жылы Жайық өзеніне батып кеткен 14 жасар Мерланның туыстары тергеуді қайта бастауды және кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр. Марқұмның анасының айтуынша, жасөспірімді әдейі өлтірген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Марқұмның туыстары тергеу нәтижесімен келіспейді. Мерланның анасы Анаргүл Қасантаева ұлын суға әдейі итеріп жібергенін алға тартады. Қазір ол істі ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабынан («Абайсызда өлімге әкеп соғу») 99-бабына («Адам өлтіру») қайта саралауды талап етіп отыр.

«Менің ұлымды Жайыққа итеріп жіберген, соның салдарынан ол қайтыс болды. Мұны жасаған бала қазір бостандықта жүр. Ол небәрі 60 мың теңге көлемінде айыппұл төлеп, есепке қойылды, ал өзі күдікті деп танылған болатын. Оқиғаны көріп, үндемей қалғандар да жауапқа тартылуы тиіс. Қатысы бар тұлғалардың кінәсін мойындаған хат алмасулары бар. Соның бәрін сараптамаға жіберу керек», — деді әйел.

Отбасының адвокаты іс материалдарын егжей-тегжейлі қайта қарау үшін Бас прокуратураға жолдауға ниетті екенін хабарлады.

Полиция департаментінің ұстанымы

Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты ақпарат беріп, тергеудің неліктен тоқтатылғанын түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, құқық қорғау органдары кешенді тергеу амалдарын жүргізген, бірақ заңнамалық кедергіге тап болған.

«Тергеу барысында барлық қатысы бар тұлғалар анықталып, олардан жауап алынды және сараптамалар тағайындалды. Алайда, күдіктінің қылмыстық жауапкершілікке тартылу жасына толмауына байланысты, іс ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы («Іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар») негізінде тоқтатылды», — деп хабарлады аймақтық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2024 жылы болған. 14 жасар жасөспірімнің мәйіті ол жоғалғаннан кейін біраз уақыт өткен соң Жайық өзенінен табылған болатын.

Бүгін, 09:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.