
Астанада қайғылы оқиға орын алған «Көркем-3» тұрғын үй кешенінің ауласына кіреберісті бөгеп тастаған автокөлік иесі жауапкершілікке тартылды.
Полиция департаментінің Tengrinews.kz агенттігіне берген мәліметі бойынша, ереже бұзып қойылған көлік оқиға орнынан дереу алынған. Тәртіп сақшылары жүргізушіні анықтап, оған әкімшілік шара қолданды.
Жүргізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабы («Көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу») бойынша жазаланды. Айыппұл мөлшері: 5-тен 15 АЕК-ке дейін. 2026 жылғы есеппен: Бұл 21 625-тен 64 875 теңгеге дейінгі соманы құрайды.
Полиция азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін және жедел қызметтердің жұмысына кедергі келтіретін заңбұзушылықтар қатаң түрде тыйылатынын ескертті.
Естеріңізге сала кетейік, 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесіндегі 21 қабатты үйдің 15-қабатынан өрт шыққан болатын. Оқиға орнынан үш баланың денесі табылды. Күйік алған бір әйел құтқарылып, ауруханаға жеткізілді. Өрт кезінде 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын үйді өз бетінше тастап шыққан.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үй кешенінің ауласына кіретін жол темір қақпамен жабық болғанын және ауланың көліктерге толып кеткенін растады. Бұл жағдай өрт сөндіру техникасының уақытылы жетуіне қиындық тудырған.
В Атырау -10