
Ішкі істер министрлігінде өңірлік полиция департаменттерінің басшылары мен ведомстволық оқу орындарының жетекшілеріне тергеу бағыты бойынша іске асырылып жатқан үш цифрлық жоба таныстырылды.
Таныстырылған бастамалардың қатарында – тергеу қызметін автоматтандыруды көздейтін, бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімінде жасанды интеллектті енгізу арқылы іске асырылатын “Цифрлық тергеуші көмекшісі” жобасы бар. Сондай-ақ заттай дәлелдемелерді есепке алу, сақтау және бақылауды цифрландыруға бағытталған “e-Айғақзат” жобасы және номенклатуралық істер материалдарын бейнежазба арқылы тіркеуді әрі оларды орталықтандырылған түрде сақтауды қамтамасыз ететін “Видео НД” жобасы ұсынылды.
Талқылау қорытындысы бойынша жобалар аумақтық полиция бөлімшелерінің және ведомстволық оқу орындарының басшылығы тарапынан оң бағасын алды. Олардың тергеу жұмысының тиімділігін арттырудағы практикалық маңызы, өзектілігі және қылмыстық процестің ашықтығын қамтамасыз ету әлеуеті атап өтілді.
Аталған шешімдерді іске асыру ішкі істер органдарын цифрлық трансформациялау бағытына толық сәйкес келетіні айтылды. Қатысушылар жобаларды кезең-кезеңімен енгізуге дайын екендерін білдіріп, әрі қарай әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ету және жеке құрамды оқыту қажеттігін де ерекше атап өтті.
В Атырау -10