
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен ғалымдарды марапаттау салтанатында сөз сөйледі.
Президент ғылыми қоғамдастық өкілдерін кәсіби мерекелері — Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, олардың елімізді дамытудағы айрықша рөлін атап өтті.
«Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі», - деп мәлімдеді Тоқаев.
"Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі десек, қате болмайды. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін, басқаша айтсақ, «ғылым-білім бар жұрттар» ғана өркениеттің өріне шығады. Бұл – ақиқат. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз", - деді ол.
Президент осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын еске салды. Кейінгі 5 жылда осы салаға бөлінетін қаржы көлемі 6 еседен асты. Ал ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі берілетін болды.
Тоқаев жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігіне баса назар аударды. Қазір 600-ден астам жас ғалымға баспана берілді. Бұдан бөлек, оларға арнаулы гранттар бөлініп жатыр. Жыл сайын жас зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тәжірибе жинап, тағылым алып жүр.
Мемлекет басшысы атап өткендей, ғылымның әлеуетін ел игілігіне жарата білу қажет. Ғалымдарымыз ашқан жаңалықтар зертханалар аясында қалып қоймауы керек. Нақты нәтиже беретін, өндіріске енгізуге болатын жобаларды жүзеге асыру қажет. Бір сөзбен, ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс. Бұл мақсат Үкіметтің ұдайы назарында болуы керек, себебі осы міндеттің еліміз үшін мән-мағынасы ерекше екенін айтты ол.
Мысал ретінде былтыр University Medical Center мекемесіне қарасты Жүрек орталығының дәрігерлері ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) деп аталатын инновациялық медициналық құрылғы ойлап тапқанын келтірді Президент. Осы құрылғы донорлық ағзалардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам уақыт сақтауға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев инженерлік-техникалық кадрларды даярлау, ғылым қалашықтарын дамыту мәселелеріне назар аударды. Атап айтқанда, қазір Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білімді әрі зияткер жастарды тәрбиелеу мемлекет пен ата-ананың ортақ міндеті екенін баса айтты.
В Атырау -10