
Алматы облысында сегіз жігіттің 15 жастағы оқушы қызға екі ай бойы зорлық-зомбылық көрсеткені туралы күдік туындады.
Бұл туралы жасөспірімнің өзі жария еткен. Оның айтуынша, 16–25 жас аралығындағы жігіттер қорқытып, бопсалап, өз әрекеттерін жүзеге асырған, деп хабарлайды КТК.
Қыздың жақындары жағдайды білген соң полицияға арызданған. Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмағанға қатысты жыныстық қатынас дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ресми өкіл Ернар Сәйділдиннің айтуынша, оқиғаға қатысы бар тұлғаларды анықтау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Арнайы тергеу тобы құрылып, істің барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті түрде тексеру қолға алынған. Тергеу облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауында.
Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстардың қоғам үшін аса қауіпті екенін атап өтіп, істі толық ашуға уәде берді.
В Атырау -10