
Қайғылы оқиға Жәйрем кентінде орын алды. «Криминальный Казахстан» басылымының хабарлауынша, кісі қолынан қаза тапқан әйелдің артында төрт баласы қалды.
Жақындарының айтуынша, марқұм отбасын өзі асырап келген: дүкені болған, пәтер жалдаумен айналысқан және балаларын тәрбиелеген. Балаларының бірі — мүмкіндігі шектеулі жан. Туыстарының сөзіне қарағанда, оның 33 жастағы азаматтық некедегі жолдасы жұмыс істемеген, ішімдікке салынған және үнемі агрессия көрсетіп келген. Олардың арасында ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алғаны айтылады.
Қайғылы жағдай болардан бұрын әйел ер адаммен қарым-қатынасын үзуді ұйғарған, бірақ уақытша өз пәтерінде тұруына рұқсат берген.
Оқиға болған күні әйел дүкенде болған. Сағат 13:55 шамасында сол жерге келген ер адам оған пышақпен тап берген. Жақындарының мәліметінше, әйелге 20-ға жуық пышақ жарақаты салынған, соның ішінде өмірлік маңызды мүшелері зақымдалған.
Шабуылдан кейін ер адам өз-өзіне қол жұмсамақ болған, бірақ аман қалды. Қазіргі уақытта ол Жезқазған қаласының ауруханасында жатыр.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 5-бөлігі — «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Марқұмның туыстары тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп отыр және жетім қалған балаларды өз қамқорлығына алуды жоспарлауда.
В Атырау -10