Атырау, 9 сәуір 16:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 475.31
€ 555.54
₽ 6.05

Премьер-министр Шығыс Қазақстандағы өртті ерте анықтау жүйесін тексерді

Сурет
111 рет қаралды
Сурет: primeminister.kz
Сурет: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болып, орман және дала өрттерін ерте анықтауға арналған жүйені енгізу барысымен танысты. 

Жүйе ЖИ негізінде жұмыс істейді және бұл технология өрт ошақтарын алыс қашықтықтан және кез-келген ауа райы жағдайында анықтауға мүмкіндік береді.

Мұнда Премьер-министр Олжас Бектенов, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов және Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қатысуымен орман өрті бойынша оқу-жаттығу өткізілді. Резерват мамандары өрт сөндірушілермен бірлесіп, цифрлық технологиялардың тиімділігін және өрт сөндіру қызметінің өзара әрекеттесу алгоритмін көрсетті.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша өртті ерте сөндіру жүйесі 100-ден астам сынақтан өткізілген. Қазіргі уақытта оны жетілдіру бойынша жұмыстар, оның ішінде алты метеокешенмен және құрғақ найзағай соғуын анықтауға мүмкіндік беретін найзағай бағытын анықтау стансасымен интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, биылғы шілде айында еліміздің 24 табиғи паркі мен қорығының өрт қаупі жоғары аймақтарын қамтуды аяқтау, қыркүйек айында барлық жүйені өнеркәсіп мақсатында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Мұнымен қоса орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. «Семей орманы» МОТР бас директоры Қазбек Әметов соңғы екі жылда резерват паркі 100% заманауи техникамен жаңартылғанын хабарлады. Тек өткен жылдың өзінде лизинг қаражаты есебінен 39 жаңа өрт сөндіру машинасы, 26 шағын өрт сөндіру кешені және аспалы жабдығы бар 10 трактор сатып алынды. Ықтимал өрттерді жедел анықтау және жою үшін кәсіпорынның қол астында 30 орман өрті стансасы, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның үш тікұшағы, 82 өрт сөндіру автомобилі, 49 шағын орман патрульдік кешені, 187 трактор (оның ішінде 70-і өрт сөндіру үшін), 49 патрульдік машина және тағы да басқа техникалар бар.

Жалпы алғанда, Қазақстанда өртке қарсы техникаларды жаңғырту мақсатына 2024-2025 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттерден 21,5 млрд теңге бөлінді, нәтижесінде орман шаруашылықтарының ел бойынша жаңа техникамен қамтамасыз етілуі 87%-ға жетті. 

Премьер-министр цифрлық технологиялардың маңыздылығын атай отырып, олардың міндетті түрде тұрақты патрульдеу жұмыстарымен толықтырылуы қажеттігін баса айтты. Үкімет басшысы жаңа жүйелерді енгізу процесін жеделдетуді тапсырды.

Өртті ерте анықтаудың автоматтандырылған мониторинг жүйесі 2025 жылғы 14 маусымда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына қарасты Бородулиха филиалының Камышенка орман шаруашылығында ресми түрде іске қосылды. Бұл жүйе адам факторын азайтып, жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы маусымда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында 60 мың гектардан астам аумақты шарпыған ауқымды өрт орын алған болатын. Өртпен күрес барысында орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты, ал шығын көлемі 160 миллиард теңгеден асып түсті.

Бүгін, 14:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.