
Қазақстанда коммуналдық айыптұрақтардың жұмысы жаңа тәртіппен жүргізіледі. Журналист Виталий Красновтың айтуынша, бұрын эвакуацияланған көлікті айыптұрақта сақтау шығындары негізінен бюджет есебінен өтелетін.
Ал енді мәслихаттарға коммуналдық меншіктегі арнайы алаңдарда көлікті жеткізу мен уақытша сақтауға ақы белгілеу құқығы берілді.
Бұл өзгерістер 2025 жылғы «Жол қозғалысы туралы» заңға енгізілген түзетулерде қарастырылған.
Алғашқылардың бірі болып Астана жаңа тарифтерді бекітті. Қала билігінің мәліметінше, енді эвакуатор қызметі мен айыптұрақтағы сақтауға ақы төленеді.
Тарифтер:
- Жеңіл көліктер: эвакуация — 3 АЕК, алғашқы тәулік сақтау — 3 АЕК, әр келесі тәулік — 5 АЕК.
- Жүк көліктері (3,5 тоннаға дейін): алғашқы тәулік — 5 АЕК, кейінгі тәуліктер — 7 АЕК.
- Мотоциклдер: алғашқы тәулік — 1 АЕК, кейінгі тәуліктер — 2 АЕК.
- Үш дөңгелекті көлік, квадроцикл және тіркемелер үшін бөлек мөлшерлемелер қарастырылған.
Осылайша, Астанада эвакуатор мен алғашқы тәулік сақтауды қоса есептегенде жеңіл көлікті қайтару кемінде 6 АЕК (2026 жылғы есеппен шамамен 25,9 мың теңге) болады. Әрбір қосымша күнге тағы 5 АЕК қосылады. Бұл есепке әкімшілік айыппұл кірмейді.
Сарапшылар жаңа жүйенің тәуекелдеріне назар аударуда. Егер дау туындаған жағдайда көлік сот шешімі шыққанша айыптұрақта тұра береді. Сот процесі 60 күнге дейін созылуы мүмкін, ал осы уақыт ішінде қарыз көлемі миллион теңгеден асып кетуі ықтимал.
Қазіргі таңда тарифтер ресми түрде жарияланған алғашқы өңір — Астана. Басқа аймақтарда нақты мөлшерлемелер жергілікті мәслихат шешіміне байланысты бекітіледі.
В Атырау -10