
Сәуір айының басында ресейлік БАҚ пен әлеуметтік желілерде 9 мамырда Мәскеу мен Санкт-Петербургте өтетін Жеңіс шеруінің тоқтатылуы немесе басқа мерзімге ауыстырылуы мүмкін екені туралы ақпарат тарай бастады.
«Можем объяснить» басылымының жазуынша, мұндай болжамдарды соғысты қолдайтын ресейлік блогерлер де айтуда. Олардың пікірінше, бұл талқылаулар ең алдымен қауіпсіздік мәселелеріне байланысты туындап отыр.
«Елестетіп көріңізші, парад кезінде «түзел, тік тұр» командасы берілгенде, зымыран қаупі жарияланады. Ол жерде және оның айналасында не болатынын білесіз бе? Тіпті ештеңе ұшып келмесе де, бұл медиалық тұрғыдан өте ауыр соққы болады», — деп пайымдайды блогер Илья Туманов «Соловьев LIVE» эфирінде.
Таралған мәліметтерге сәйкес, парадтың әуе бөлімі (ұшақтар мен тікұшақтардың ұшуы) әлдеқашан тоқтатылған, ал жерүсті техникасының дайындығы кідіртілуі мүмкін деген нұсқалар бар. Сондай-ақ, шараны 2020 жылғыдай кейінірек мерзімге ауыстыру мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды.
Қазіргі уақытта бұл ақпаратқа қатысты ресми растау жоқ. Кремль өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Жеңіс күнін мерекелеуге дайындық жұмыстары жоспар бойынша жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Украинадағы соғыс басталғалы Ресейдегі әскери шерулердің форматы бірнеше рет өзгерді. Атап айтқанда техника саны айтарлықтай қысқарды, әуе шеруі бірнеше рет өткізілмеді, кейбір шекара маңындағы аймақтарда қауіпсіздік мақсатында шерулерден мүлдем бас тартылды.
В Атырау -10