
Рим папасы Лев XIV АҚШ президенті Дональд Трамптың «Ирандағы өркениетті жою» туралы айтқан сөзін қабылдауға болмайды деп мәлімдеді. Ол тараптарды диалогты қайта бастауға шақырды, деп хабарлайды АА.
«Бүгін, бәрімізге белгілі, иран халқына қауіп төніп тұр. Бұл мүлде қабылдауға болмайтын жағдай», — деді Рим-католик шіркеуінің басшысы журналистерге.
Понтифик соғыстың тоқтауы үшін дұға етуге үндеді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға Ормуз бұғазын ашу жөнінде ультиматум қойған еді. Ол орындалмаған жағдайда АҚШ көпірлер мен энергетикалық инфрақұрылымға соққы жасайтынын ескерткен. Ультиматум мерзімі Вашингтон уақытымен 7 сәуір күні сағат 20:00-де аяқталады.
Трамп америкалық Truth Social әлеуметтік желісінде «Иран үшін шешуші түн» деп жазып, «бүгінгі түнде тұтас өркениет жойылып кетуі мүмкін» деген пікір білдірді.
«Бүгінгі түнде тұтас өркениет жойылады, оны ешқашан қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Мен мұның болуын қаламаймын, бірақ, бәлкім, солай болады», — деп жазды АҚШ президенті.
В Атырау -10