
Қазақстанда психологтардың қызметін реттейтін дербес заң қабылданбақ.
Мәжіліс депутаттары «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында әзірленіп, психологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң жобасында «психолог», «психологиялық қызмет», «ақпараттандырылған келісім», «кәсіби құпиялылық» сияқты негізгі ұғымдар енгізіледі. Құжаттың медициналық қызметке таралмайтыны нақты көрсетілген.
Психологтар міндетті түрде мемлекеттік тізілімге тіркелетін болады. Мәжілісте мақұлданған заң жобасы олардың біліміне, қайта даярлануына және біліктілігін растауға нақты талаптар енгізеді. Психологтар кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттыруға міндеттеледі.
Құжатта кәсіби стандартқа қатысты нормалар бекітіліп, психологтардың құзыреттері мен қызмет мазмұны айқындалды. Сонымен қатар олардың құқықтары мен міндеттері белгіленді: этикалық нормаларды сақтау, ақпараттандырылған келісім алу, құпиялылықты қамтамасыз ету және клиенттің келісімінсіз деректерді үшінші тұлғаларға бермеу.
Психологиялық көмек алушылардың да құқықтары нақтыланды. Олардың қатарында маманды таңдау, толық ақпарат алу, көмектен бас тарту, өз құқықтарын қорғау және шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі бар.
Заң жобасы медициналық қызмет көрсетуге және дәрілік ем тағайындауға тыйым салады. Сондай-ақ психологиялық қызмет туралы жалған ақпарат таратуға және нәтижеге кепілдік беруге жол берілмейді.
Басты мақсат – халықтың өмір сапасы мен психологиялық жағдайын жақсарту. Бұл ретте заңдылық, еріктілік, құпиялылық, кәсіби құзыреттілік, ғылыми негізділік және зиян келтірмеу қағидаттары белгіленген.
Мемлекеттік реттеу бөлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілеттіктерін айқындайды. Министрлік психологтардың біліктілігін тану және мемлекеттік тізілім жүргізумен айналысады. Депутаттар талқылау барысында тізілімді электрондық форматта жүргізу тәртібін нақтылап, тіркелуге жататын психологтар санаттарын бекітті. Мәліметтер ашық түрде уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланатын болады.
В Атырау -10