
Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) бала саудасына қатысты қылмыстық істі тергеудің аяқталғанын хабарлады. Істегі басты айыпталушылардың бірі — Қазақстан азаматшасы.
Тергеу мәліметі бойынша, 2024 жылдың қыркүйегінде Қырғызстанда кәмелетке толмағандарды елден заңсыз шығарумен айналысқан топтың қызметі анықталып, жолы кесілген болатын. Тергеу аясында Қазақстан азаматшасы мен Қырғызстан азаматы ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.
МҰҚК нақтылағандай, күдіктілер Израиль азаматымен сөз байласып әрекет еткен. Ведомство бірнеше кәмелетке толмаған балаға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасалғанын және оған қатысты материалдар Қырғызстаннан тыс жердегі үшінші тұлғаларға жіберіліп отырғанын мәлімдеді.
«Тергеу барысында Қазақстан азаматшасы «А.А.» Израиль азаматы «А.Б.»-мен қылмыстық сөз байласып, ақшалай және мүліктік сыйақы үшін Қырғызстан азаматы «С.С.»-дан кәмелетке толмаған үш баланы сатып алғаны анықталды. Содан кейін олар балаларға қатысты адамгершілікке жат және діни-ғұрыптық сипаттағы азғындық әрекеттер жасап, оларды фотоға түсіріп, әлеуметтік мессенджерлер арқылы шетелдегі үшінші тұлғаларға жолдап отырған...», — делінген МҰҚК хабарламасында.
Сонымен қатар, арнайы қызметтің ақпараты бойынша, айыпталушылар тағы екі балаға толық қамқоршылық құқығын алып, оларға қатысты да ұқсас әрекеттер жасаған. Қазіргі уақытта осы іске қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Ведомство мәліметі бойынша, 2026 жылғы 12 наурызда сот шешімімен Қазақстан азаматшасы 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Қырғызстан азаматының мүлкі тәркіленіп, 11 жылға сотталды.
В Атырау -10