Атырау, 11 желтоқсан 18:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Тағы да жер дауы

3 389 просмотра

Қалалық сот жеке кәсіпкер Әділжан ТҰҚПАТОВТЫҢ қалалық құрылыс бөлімі мен «ӘлемЦентрСтрой» құрылыс компаниясына берген талап-арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарды.

Талап-арыз беруші қалалық биліктен Сұлтан Бейбарыс даңғылы бойындағы жаңадан салынған бес қабатты №40 коммуналдық үйді күреуді немесе оның жанындағы өз дүкенінің ғимаратын күреуді, ал оның орнына аталмыш үйдің цокольді орынжайынан сауда алаңын беруді талап етті.

Құрылысшылардың жұмыс жасап тұрған жеке дүкеннен 90 сантиметр қашықтықта көппәтерлі үй салғандығы даудың туындауына себеп болған, ал заң бойынша бұл қашықтық 6 метрден кем болмауы тиіс. Өзінің талап-арызында Тұқпатов құрылыс бөлімінің құрылыс салушымен жасаған келісімшартын, жобалау-сметалық құжаттамасын заңсыз деп тануды, өзіне тиесілі дүкенді күреп, өз иелігіне №40 үйдің цокольді қабатынан 284 шаршы метрді беруді (оның есептеуінше, өзіне тиесілі дүкен мен қойманың жалпы алаңының көлемі осындай) талап етті.

Сот талап-арыз берушінің дәлелдерін негізсіз деп таныды. 

Сотта оның мүддесін қорғайтын, талап-арыз берушінің әкесі Кәріпжан ТҰҚПАТОВ былай дейді:

- 2012 жылдың мамырында маған сол кездегі қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ пен «АтырауҚұрманҚұрылыс» құрылыс компаниясының директоры Құрманғазы ӘЛІМОВ жақындап келіп, қасындағы бос жерге 36 пәтерлік үш коммуналдық үйдің салынатындығын айтты. Мен қарсы ештеңе демедім. Кейін іргетасын құйған кезде біздің дүкеніміздің жанынан салынып жатқан үйдің 18 пәтерге көп екенін, яғни 54 пәтер екенін білдім. Осы артық 18 пәтер дүкен мен үй арасындағы кеңістікке «ауыз салды».  

Үй құрылысы қызған шақта маған бір ер адам келіп, өзін Бекболатпын, құрылыс компаниясының бас инженерімін деп таныстырды. Ол маған дүкенді күреу өтемақысы үшін бұрын осы компания салған Нұрсая ықшамауданындағы №10 және №13 үйлердің цокольді қабатынан (таңдау бойынша) 284 шаршы метр сауда алаңын ұсынды.

Айтылған  уақытта мен өз өкілім Жұмажан Үмбетжановпен бірге Нұрсаядағы цокольді қабаттарды қарауға бардым. Бекболат бізге үйлерді көрсетті. Мен 13-ші үйді таңдадым. Күтпеген жерден құрылыс салушы: «300 метр алсаң да мейлі» деп айтып қалды. Соншама жомарт бола қалғаны қалай? Күмәнданып, Жұмажаннан құрылыс компаниясы туралы анықтама жинауды өтіндім. Сөйтсек, оларда заңға қатысты проблемалар орын алған екен. Мені алдағылары келетінін, коммуналдық үйдің қалатынын, ал биліктің менің дүкенімді күреуге бұйрық беретінін түсініп, сотқа шағымдандым.

К.Тұқпатов сотқа дәлел жолдағанын айтты. Атап айтқанда, биылғы жылдың 16 тамызындағы хатта облыстық «Мемсараптама» РМК филиалының басшылығы дүкен мен жобаланатын тұрғын үйдің арасындағы қашықтыққа қатысты ескертулерді(алайда сол кезде үй құрылысы аяқталуға жақын еді – М.С.) жобалаушы мен жобаға тапсырыс берушінің жоймай отырғанын жазған. Егер ескерту жойылмаса, онда «Мемсараптама» теріс қорытынды беруге мәжбүр екен. 

23 тамызда мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті Сұлтан Бейбарыс даңғылының бойындағы №38, 40 және 42 үйлердің құрылысын анықталған өрескел заң бұзушылықтарға байланысты мүлдем тоқтатып тастаған. Құрылыс мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар жұмыс жобасынсыз, жұмыстың бекітілмеген кестесінсіз, жауапты құрылымдарды қабылдау актісінсіз, қолданылатын материалдарға сертификатсыз және т.б. жүргізілген. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті өз талаптарын құрылыс салушының орындамағанын және материалдар сотқа жолдану үшін әзірленуде екенін хабарлады.

К.Тұқпатов сот процесінен кейін былай деп мәлімдеді:

- Біз апелляциялық шағым бермекпіз, сауда алаңын Нұрсаядан емес, салынған №40 үйден талап ететін боламыз.

«ӘлемЦентрСтрой» компаниясын-дағылар бізді сотта өздерінің мүддесін қорғайтын адвокатқа жолдады. Алайда олардың берген телефон нөмірі жасамайтын боп шықты.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

17 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.