
Ақтөбе облысында наурыз айында полиция жедел ақпараттарды іске асыру барысында бопсалаумен айналысқан екі қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Хромтау қаласында қылмыстық орта өкілдері шахтерлерді қорқытып, күш қолдану арқылы ақша талап еткен. Жәбірленушілер құқық қорғау органдарына жүгінбегенімен, жедел қызметкерлер күдіктілерді анықтап, бұлтартпас дәлелдер жинап, барлық қатысушыны бір мезгілде ұстау операциясын жүргізді. 20 санкцияланған тінту барысында ақша мен айғақ заттар тәркіленді.
Ақтөбе қаласында да көңіл көтеру орындарына бағытталған бопсалаушылар тобы анықталды. Олар күзет қызметкерлеріне қысым көрсетіп, заңсыз «қорғауын» күштеп таңған. Қылмыстық топтың барлық мүшесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер тергелуде. Сонымен қатар заңсыз ұстау және бас бостандығынан айыру деректері бойынша тексеру жүргізілуде.
ІІМ мәліметінше, келіп түскен сигналдарға жедел әрекет ету нәтижесінде полиция қылмыстық топтардың әрекетін дер кезінде тоқтатып, ауыр зардаптардың алдын алды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
В Атырау -10