
Алматыда полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы әрекеттерін тоқтатты. Бұл тексеру әлеуметтік желілерде тараған бейнематериалдар негізінде жүргізілді. Онда бір топ жасөспірімнің азаматтарға агрессивті әрі әдепсіз қылық көрсеткені бейнеленген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Медеу және Алмалы аудандарының полиция басқармалары тексеру жүргізіп, жасөспірімдердің жеке бастарын анықтап, оларды аумақтық полиция бөлімшелеріне жеткізді. Белгілі болғандай, жасөспірімдер көрші елдің азаматтары екен. Барлық кәмелетке толмағандар бейімдеу орталығына орналастырылып, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Тексеру нәтижесінде олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта әрбір дерек бойынша тексеру жалғасып жатыр. Қорытындысында жасөспірімдердің әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.
Полиция ата-аналар мен заңды өкілдердің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс екенін, балалардың үйден тыс уақыттағы мінез-құлқына тиісті бақылау жүргізу қажеттігін ескертті.
В Атырау -10