
Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов Сенатта өткен брифингте белсенді Санжар Боқаевқа қатысты жүргізіліп жатқан тергеудің нақты эпизодтарын жариялады. Айыптаулардың бірі оның квазимемлекеттік сектордағы қызметімен байланысты болып шықты.
Қадағалау органы өкілінің айтуынша, Боқаев Қылмыстық кодекстің екі бірдей ауыр бабы бойынша күдікті ретінде танылған.
Ұлттық компаниядан жымқырылған миллиондар ма?
Бірінші эпизод — аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа қатысты. Өтегенов түсіндіргендей, тергеу Боқаевтың ұлттық компания басшылығында болған кезеңіндегі қызметін зерттеп жатыр.
«Алаяқтық — бұл оның ұлттық компанияда жұмыс істеген кезіне қатысты. Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады Ерлан Өтегенов.
Ашық деректерге сүйенсек, Санжар Боқаев 2015-2018 жылдар аралығында «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған.
«Хайп» үшін кесілген ағаштар
Екінші айыптау блогы экологиялық қылмыстармен байланысты. Тергеу нұсқасы бойынша, Боқаев Алматыда ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуді ұйымдастырған. Бас прокуратураның пайымдауынша, мұндағы мақсат — әлеуметтік желілер үшін скандалды контент жасау болған.
Тергеу келесі жайттарды алға тартады:
Заңсыз ағаш кесуге ақшалай сыйақы беру арқылы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды тартқан;
Жойылған ағаштар туралы бейнежазбалар қоғамда теріс пікір қалыптастыру үшін желіде таратылған;
Бұл әрекеттер алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған.
Санжар Боқаев 18 наурызда Алматыда ұсталды. 31 наурызда сот оны тергеу кезеңінде екі ай мерзімге қамауда ұстауға санкция берді. Егер аса ірі мөлшердегі алаяқтық бабы бойынша кінәсі дәлелденсе, белсендіге мүлкі тәркіленіп, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнуі мүмкін.
В Атырау -10