Оқырмандарымыз: «Сәтпаев даңғылы бойындағы жер жабынының кей жерлері ашылып қалған, жол жиектерін ауыстыру үшін асфальтты бүлдіру керек пе еді?» деген сұрақ қояды.
Бұған «Атырау жылу жүйелері» АҚ вице-президенті Әлібек ТЕМІРҒАЛИЕВ былай деп жауап берді:
– Іс жүзінде ол жерде жол жиектерімен қатар қаптама деп аталатын – осы учаскелерден өтетін біздің жылу құбырына арналған қорғаныс тысы ауыстырылуда. Қаптамалар біздің желілерімізді шіруден және үстіндегі жол жабынының шөгуінен қорғауға арналған. Қалалық әкімдік жолжиектерді ауыстыру бағдарламасын қолға алған кезде, осы учаскелерде асфальт астынан коммуникациялары өтетін қожайындарға жағдайды пайдаланып, қажет болса, жөндеу немесе коммуникацияны ауыстыру жұмыстарын жүргізу ұсынысымен шыққан еді. Бұл алдағы уақытта бірер жылдан кейін асфальтты тұрбаларымыз үшін қайтадан ашпау мақсатында жасалған жұмыс. Біз Сәтпаев даңғылының бойынан қаптамасын ауыстыру қажет 5 жерді көрсеттік. Жұмыстардың барлығы жолжиектерді ауыстырудың негізгі бағдарламасымен қатар аяқталатын болады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ