
Қазақстанда зейнет жасына қатысты қатаң шектеуден бас тартып, оның орнына еңбек өтіліне (стаж) басымдық беру мәселесі қарастырылып жатыр. Мұндай бастаманы Сенатор Амангелді Нұғманов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында көтерді.
Депутат жүйені түбегейлі өзгертуді ұсынады: егер адам еңбек жолын ерте бастап, адал жұмыс істеп, қажетті еңбек өтілін жинаса, ол зейнетке қашан шығатынын өзі шешуге құқылы болуы тиіс.
Жұмыс істедің бе — құқығың бар
Сенатордың пікірінше, «еңбек өтіліне негізделген» модельге көшу экономикаға оң әсер етеді. Бұл қазақстандықтарды ресми жұмыс істеуге және паспорттағы жасқа қарап отырмай, экономикалық белсенділікті ұзақ сақтауға ынталандыруы тиіс.
«Азаматтар қажетті еңбек өтілін жинағаннан кейін зейнетке шығу сәтін өздері анықтай алады. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, масылдық пиғылдан арылуға септігін тигізеді», — деп атап өтті Нұғманов.
Денсаулық жағдайы бойынша зейнетке шығу
Тағы бір маңызды ұсыныс — 63 жасқа дейін жұмыс істеуге физикалық тұрғыдан қауқары жоқ, бірақ мүгедектік мәртебесі жоқ жандарға қатысты. Сенатор созылмалы немесе кәсіби аурулары бар адамдардың соңғы демі қалғанша жұмыс істеуге мәжбүр болуын әділетсіздік деп санайды.
Депутат Әлеуметтік кодексте медициналық көрсеткіштер бойынша зейнетке шығу құқығын бекітуді ұсынды. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі еңбекке қабілеттілікті шектейтін аурулардың арнайы тізімін бекітуі тиіс. Бұл денсаулығы сыр берген жандарға зейнет жасына жетпей-ақ демалысқа шығуға мүмкіндік береді.
Бюджетке қалай әсер етеді?
Сенатор бұл реформа зейнетақы жүйесін теңгеріп, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) түсетін салмақты азайтатынына сенімді. Себебі, адамдар өз демалысының тікелей жинаған қаражаты мен еңбек өтіліне байланысты екенін түсініп, жинаққа жауапкершілікпен қарай бастайды.
В Атырау -10