Атырау, 2 сәуір 11:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 475.09
€ 551.06
₽ 5.87

​Лукашенко Беларусьтің соғысқа дайындалып жатқанын мәлімдеді

84 рет қаралды

Беларусь президенті Александр Лукашенко елдің Қарулы Күштеріне жүргізілген кешенді тексеру қорытындысы бойынша өткен жиында Минскінің соғысқа дайындалып жатқанын айтып, «ешқандай бейбіт уақыт болуы мүмкін емес» деп қадап айтты. Бұл туралы dw.com хабарлады.

Сәрсенбі, 1 сәуірде өткен жиында Лукашенко әскери бөлімдерге жүргізілген тексерудің «бұрын-соңды болмаған ауқымды әрі қатаң» болғанын атап өтті. Оның айтуынша, әскерилер ауа райы мен уақытқа қарамастан, «ұрыс қимылдарына барынша жақындатылған» жағдайда сынақтан өткен.

«Біз соғысқа дайындалып жатырмыз. Қарулы Күштерді соны үшін құрдық, соны үшін оларды асырап отырмыз, халық соны үшін ақша бөліп жатыр... Егер кез келген адам бізбен қару ұңғысы арқылы сөйлеспек болса, біз жауап береміз. Осыған дайындалып жатырмыз», — деді Лукашенко.

Оның сөзінше, соғыс бола қалған жағдайда Беларусь әскерінің санын жарты миллион адамға дейін жеткізе алады. Лукашенко бұл дайындықты «геосаяси жағдайдың күрделілігімен және Беларусь шекарасына жақын маңдағы қауіп-қатерлермен» байланыстырды. Бұған дейін ол Беларусь ке жасалған шабуыл «үшінші дүниежүзілік соғыстың бастауы» болатынын ескерткен болатын.

КХДР мен Беларусь достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды

26 наурызда Пхеньянда Александр Лукашенко мен КХДР-дың жоғарғы көшбасшысы Ким Чен Ын екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Бұл туралы Солтүстік Кореяның KCNA мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.

Лукашенконың баспасөз қызметі бұл «іргелі құжаттан» кейін Беларусь пен Солтүстік Корея қарым-қатынасы «жаңа кезеңге» өтетінін мәлімдеді. Ким Чен Ын Беларусь ке «толық қолдау» білдіріп, Батыстың Минскіге жасаған «заңсыз қысымына» қарсы шықты. Лукашенко Беларусь пен КХДР үкіметтерінің халықаралық мәселелер бойынша «ұстанымы бір» екенін айтты.

Александр Лукашенко Солтүстік Кореяға алғашқы ресми сапарымен 25 наурызда барған болатын. Айта кетейік, КХДР мен Беларусь Ресейдің Украинадағы соғысына айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді.

Бүгін, 09:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.