
Қазақстандықтарға жаңа алаяқтық схема туралы ескерту жасалды: абоненттерге ұялы оператор атынан «күйіп кететін ұпайлар» мен сыйлықтар туралы SMS хабарламалар жіберіліп жатыр. Соңында алаяқтар жалған сайт арқылы банк карталарының деректерін иемденеді.
«Ақ Жайық» тілшісіне де мобильді оператор атынан осындай хабарлама келген. Онда 13 900 бонус ұпайының мерзімі сол күні аяқталатыны және оны тез арада сыйлыққа айырбастамаса, жойылып кететіні жазылған. Хабарламада күмәнді сайтқа сілтеме көрсетілген.
Сілтеме бойынша өткен кезде «сыйлықтар» көрсетілген бет ашылады. Пайдаланушыға иіссулар жиынтығы, гаджеттер, тіпті iPad сияқты жүлделердің бірін таңдау ұсынылады. Алайда «сыйлықты» алу үшін жеткізу мекенжайын көрсетіп, жеткізу ақысы ретінде 400-ден 800 теңгеге дейінгі соманы төлеу үшін банк картасының деректерін енгізу талап етіледі.
Тілші хабарламаның шынайылығын тексеру үшін мобильді оператордың колл-орталығына хабарласты. Компания өкілі тексеру жүргізгеннен кейін оператордың мұндай хабарламалар жібермегенін ресми түрде мәлімдеді.
Осылайша, бұл — анық алаяқтық схема. Қаскөйлер абоненттерге ұтыс немесе бонус уәде етіп сілтеме жібереді, ал құрбан болған адам карта деректерін енгізгеннен кейін алаяқтар оның шотына толық қол жеткізеді.
«АЖ» редакциясы мұндай жағдайда келесі сақтық шараларын ұстануды ұсынады:
- Күмәнді сілтемелер бойынша өтпеңіз;
- Бейтаныс сайттарда банк картасының деректерін (нөмірін, қолданылу мерзімін, CVV-кодты) енгізбеңіз;
- Кез келген ақпаратты тек оператордың ресми қосымшасы немесе сайты арқылы ғана тексеріңіз.
В Атырау -10 

