
1 сәуірден бастап Air Astana тобының Бас атқарушы директоры қызметіне Ибрахим Жанлыел кірісті.
Ибрахим Жанлыел 1971 жылы дүниеге келген және Түркия Республикасының азаматы. Ол еңбек жолын 1994 жылы туризмді басқару саласында бастап, кейін авиацияда түрлі жетекші қызметтер атқарды. Әуе саласында KLM, Northwest Airlines және Alitalia компанияларында жұмыс істеген.
2003 жылы «Эйр Астана» тобына қосылып, директор, вице-президент және аға вице-президент ретінде бірнеше департаментті басқарды. 2017 жылдан бастап қаржы жөніндегі директор қызметін атқарды.
Қазіргі уақытта EUROBAK директорлар кеңесінің мүшесі. Білімі бойынша ол Мармара университетінде экономика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін, Босфор университетінде MBA дәрежесін алған. Сондай-ақ Ұлыбританиядағы Крэнфилд менеджмент мектебінде директорларды дамыту бағдарламасын тәмамдаған.
Ол компанияда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, 2017 жылдан бері қаржы жөніндегі директор қызметін атқарған. Бұған дейінгі 14 жыл ішінде стратегиялық және қаржылық даму бағыттарын қалыптастыруға қатысып, 2024 жылы компанияның үш қор биржасында тіркелуіне үлес қосқан.
Жаңа қызметінде Жанлыел операциялық орнықтылықты күшейтуге, тұрақты өсімді қолдауға және Air Astana мен FlyArystan брендтерін дамытуға басымдық бермек.
«Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Компанияның негізін қалаушы қағидаттарын сақтап, халықаралық деңгейдегі қауіпсіздік пен қызмет көрсету стандарттарын қамтамасыз етуге күш саламын», – деді ол тағайындауға қатысты пікірінде.
Air Astana тобы бүгінде Орталық Азия мен Кавказ өңірінде әуе кемелері паркі мен жолаушылар саны бойынша көшбасшы саналады. Жаңа CEO компанияның табысты даму тарихын жалғастырып, аймақтағы жетекші әуе компаниясы мәртебесін нығайтуды мақсат етеді.
В Атырау -10