
Талғайраң ауылына жақын аумақта әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй салу жобасы бірінші кезеңде тоқырап, ұзаққа созылған құрылысқа айналды.
2016 жылы Атырау қаласының Бас жоспары бекітілгеннен кейін жергілікті билік алғаш рет Талғайраң ауылы маңындағы ірі аумақты игеру жоспарын жариялаған еді. Алғашқы кезеңде «Актобе-Лаэти» жобалық атауымен белгілі тұрғын массивінде 94 көпқабатты үй салу жоспарланған болатын. Оның ішінде 70 үй бюджет есебінен, қалғаны коммерциялық негізде тұрғызылуы тиіс еді. Сонымен қатар білім беру, медицина, спорт және денсаулық сақтау нысандары, автожолдар мен көгалдандыру сияқты әлеуметтік инфрақұрылым толық қарастырылған.

Кейін бұл шағын ауданға «Болашақ», «Жастар», «Спутник» деген бірнеше атау берілді.
2019 жылы Талғайраң маңында алғашқы 24 көпқабатты үйдің (1080 пәтер) құрылысы басталғанда, әкімдік бұл жобаны Атырау қаласы-спутнигінің алғашқы қадамы ретінде таныстырды. Алайда уақыт өте келе пандемияның әсерінен көптеген жобалар тоқтап қалды, ал шағын аудан билік есептерінде барған сайын сирек атала бастады.
Кейін жағдайды сол кездегі облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов түсіндірді. Оның айтуынша, мәселе тек пандемияда емес, ең бастысы — құрылыс тиісті дайындықсыз басталған. Әкімнің сөзімен айтқанда, қала-спутник жобасы «шала-шарпы» қолға алынғандықтан, ұзаққа созылған құрылысқа айналды.
«2019 жылдың соңында әкім қызметіне кіріскенде, Талғайраң ауылы маңында 24 үйдің құрылысы жүріп жатқанын білдім. Жоспармен танысқанымда инженерлік коммуникацияларға арналған жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайын еместігі анықталды. Сондықтан құрылыс басқармасына инфрақұрылым мәселесі шешілмейінше жұмысты тоқтата тұруды тапсырдым», – деген болатын ол сол кезде «АЖ» тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.

2026 жылға жеткенде Талғайраңдағы қала-спутник жобасы әлі аяқталмай тұр. Әлеуметтік осал топтарға арналған 24 көпқабатты үй (1080 пәтер) салынғанымен, олар бос күйінде далада қаңырап тұр.
Әлеуметтік инфрақұрылымнан тек 900 орындық мектеп пайдалануға берілген, оның өзі КҚК компаниясының демеушілігімен салынған.
Атырау әкімдігінің дерегінше, Талғайраңдағы 24 көпқабатты үйдің құрылысына барлығы 17,6 млрд теңге бөлінген, бастапқы жоспар бойынша оларды 2020 жылы пайдалануға беру көзделген еді. Құрылысты жеті мердігер компания атқарған: «А-ҚұрманҚұрылысГрупп» ЖШС – 6 үй, «Каспий Құрылыс ЛТД» – 5 үй, «Атырау ЖБИ-2005» – 4 үй, «СК БакСтрой» – 4 үй, «ГТЭС Строй» – 3 үй, сондай-ақ «СтандартСервизГрупп» пен «АС-Құрылыс» ЖШС бір-бір үйден салған.
2020 жылы ғана Талғайраңдағы үйлерге қажетті барлық коммуналдық желілерге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірлене бастады. Оның құны 234,5 млн теңге болды.
Қазіргі уақытта «аталған үйлерге магистральдық, тарату және ішкі алаңдық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым толық жүргізілген: су, кәріз жүйесі, электр, газ және жылу жүйелері бар. Магистральдық кәріс желісінің құрылысы әзірге 60% ғана аяқталған, оны биыл бітіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Талғайраңға қуаттылығы 99 Гкал/сағ болатын қазандық салу үшін тендерлік рәсімдер жүргізілуде», - делінген АЖ сауалына берілген қалалық әкімдік жауабында.
Айта кетерлігі, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның барлық бағыттары бойынша жұмыстарға бюджетке 11,2 млрд теңге жұмсалған.

Әкімдіктің мәліметінше, құрылыс мерзімдерінің созылуына тек пандемия ғана емес, сонымен қатар құрылыс материалдарының қымбаттауы мен инженерлік-коммуникациялық желілер жобасына түзетулер енгізу қажеттілігі де әсер еткен.
Автожолдарға келсек, сыртқы жолдардың құрылысы әзірге 50% ғана аяқталған. Бұл жұмыстарды «Атырауинжстрой-АИС» компаниясы атқарып жатыр, жобаның құны — 1,6 млрд теңге. Алайда жобалық-сметалық құжаттама ескіріп қалғандықтан, оған қазір өзгерістер енгізілуде.
Ал ішкі алаңдық жолдар мен абаттандыру жұмыстарын «Номад Құрылыс компаниясы» жүргізуде, оған 2,6 млрд теңге бөлінген.
Әлеуметтік инфрақұрылым болмағанына қарамастан, әкімдік Талғайраңдағы 24 көпқабатты үйді биыл пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Алайда бастапқыда қала-спутник ретінде қарастырылған жобаның толық жүзеге асатыны әзірге белгісіз.
Жеті жылға созылған бұл құрылысқа бөлінген қаражатты есептегенде, салық төлеушілердің шығыны 33 млрд 234 млн 500 мың теңгені құраған. Бұл — ең қарапайым есеппен алынған көрсеткіш.
Лев ГУЗИКОВ
В Атырау -10