Атырау, 30 наурыз 17:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 482.53
€ 555.44
₽ 5.92

Қазақстан әскерінде "швед үстелі" пайда болмақ

119 рет қаралды
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметшілерді азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесін кешенді түрде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Негізгі жаңалықтардың бірі әскери қызметшілерге бірнеше тағам арасынан өз таңдауын жасауға мүмкіндік беретін «швед үстелі» элементтерін енгізу болып отыр.

Жаңа тамақтану моделі әскери қызметшілерге әр күн сайын бірнеше түрлі бірінші және екінші тағамнан өз таңдауын жасауға мүмкіндік береді, бірақ пайлардың бағасы өзгермейді. Мұны тағамды дайындау мен тарату процесін оңтайландыру арқылы іске асыру көзделген.

Қазіргі таңда әскерлерді тамақтандыруды 40 мыңнан астам әскери қызметшіні қамтитын 23 қызмет көрсетуші қамтамасыз етеді. Оның ішінде мерзімді қызмет сарбаздары, курсанттар мен кадеттер бар. Конкурс нәтижесінде бәсекелестікті арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін 11 жаңа жеткізуші анықталды.

Сонымен бірге, тамақтандыруды ұйымдастыру жүйесі ұзақ мерзімді негізге көшірілмек. Келісімшарттар үш жыл мерзімге жасалып, конкурс рәсімдері толықтай электрондық форматқа ауыстырылады. Бұл процессті ашық етеді, әрі сыбайлас жемқорлық қаупін жойып, жеткізушілердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Тамақ сапасын арттыру аясында бірқатар практикалық шаралар жүзеге асырылды. Шамамен 300-дей бақылау және көрсетілімдік тағам әзірлеу рәсімі ұйымдастырылып, аспаздарға арналған оқыту шаралары өткізілді.

Бұл ретте әскери қызметшілердің пікірін есепке алуға ерекше назар аударылды. Әскери бөлімдерде анонимдік сауалнамалар жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша мәзірдің кейбір пункттері қолданыстағы азық-түлік пайларының нормаларын сақтай отырып түзетілді.

Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Жұмакеев атап өткендей, жаңа тамақтану жүйесіне көшу – әскери қызметшілерді қамтамасыз етудің сапасын арттырудағы принциптік қадам болмақ.

Оның айтуынша, бұл жерде негізгі назар әскери қызметшінің нақты қажеттілігіне аударылады. «Швед үстелі» элементтерін енгізу сарбазға таңдау жасау мүмкіндігін беру, тағамның әр түрлілігін қамтамасыз ету және тамақ сапасын арттыру жолы болмақ. Бірақ мұның бәрі шығындарды көбейтпей жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, тамақ рационын ұлттық тағамдармен толықтыру және калория мөлшерін арттыру бойынша қосымша жұмыстар жүргізілуде. Бөлімшелерде ұлттық тағамдар күні өткізу тәжірибесі енгізіліп, оған мампар, қуырдақ, палау, ет және бауырсақ сияқты дәстүрлі тағамдар қосылған.

Сонымен қатар, далалық жағдайда тамақ сапасын арттыруға және әскери аспаздар институтын дамытуға ерекше мән берілуде. Олар полигондарда азаматтық жеткізушілермен бірлесе отырып жұмыс істейтін болады.

Бүгінде «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитеті қоғамдық бақылаудың маңызды элементі болып табылады. Ұйым өкілдері тамақ сапасын бағалау және жеке құраммен өзара іс-қимыл жасау процестеріне қатыса алады. Қоғамдық ұйым жүйенің ашық жұмыс істеуін қамтамасыз ету мен объективті кері байланыс алудағы қосымша механизм болып саналады.

Бүгін, 16:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.