
Ресейдің Усть-Луга вахталық кентінде болған жаппай төбелестен кейін 10 қазақстандық ұсталып, олардың үшеуіне қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Orda.kz
Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығы мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 28 наурызда тұрмыстық жанжал салдарынан туындаған. Консулдық қызметкерлері кентте жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарымен, оның ішінде ұсталғандармен кездесу өткізген.
Аталған вахталық кентте шамамен 15 мың адам тұрады. Олардың барлығы Ресейдің ірі экспорттық порттарының бірін салуға қатысатын түрлі мердігер ұйымдардың қызметкерлері.
Алдын ала мәлімет бойынша, тәртіпсіздікке бірнеше жүз адам қатысқан. Оқиғадан кейін әртүрлі елдердің 30-дан астам азаматы ұсталып, алғашқы тергеу әрекеттерінен соң олардың басым бөлігі босатылған.
Қазақстан азаматтарының бір бөлігіне қатысты сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамау шарасы қолданылған. Ал үш азаматқа қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Консулдықтың хабарлауынша, зардап шеккен немесе медициналық көмекке мұқтаж қазақстандықтар жоқ. Барлық азаматтарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде.
Оқиғадан кейін кент аумағында қазақстандық жұмысшылар, бригадирлер, Ресейдің құқық қорғау органдары, жұмыс беруші компания және күзет қызметі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Жиында жанжалдың себептері талқыланып, мұндай жағдайлардың алдын алу шаралары қарастырылған.
Қазіргі уақытта вахталық кенттегі жағдай тұрақты. Оқиғаға қатысушыларға қатысты тергеу амалдары жалғасып, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілмек.
В Атырау -10