
Әскерге шақыру науқаны кезінде жастарға myarmy.kz платформасы арқылы мерзімді қызметке онлайн өтінім тапсыру мүмкіндігі беріліп отыр.
Бұл бастама бүгінде шақырылушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып отырған SARBAZ+ жобасы аясында жүзеге асырлылмақ.
Өтінім беру үшін сайтқа кіріп, қызмет шарттарымен танысып, тиісті форманы толтыру жеткілікті. Одан кейін жүйе үміткерді барлық кезең бойынша автоматты түрде бағыттайды.
Алдымен қабылданған өтінім мұқият тексеріледі. Содан соң әскери комиссариатқа медициналық тексеруден өту үшін шақыру келеді. Кейін әскери бөлім өкілдерімен әңгімелесу өткізіледі. Соның нәтижесінде үміткерді қабылдау немесе бас тарту туралы шешім шығарылады. Барлық кезең түсінікті әрі ашық, ал қажетті құжаттар тізімі сайтта көрсетілген.
SARBAZ+ жобасының басты ерекшелігі – жастарға заманауи дағдыларды үйрету. Қызмет барысында сарбаздар тек оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап қана қоймай, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп шығады. Жоба өзекті бағыттар бойынша маман даярлауға барынша басымдық береді.
Rtel оқу сыныптарында әскери қызметшілер радиобайланысты меңгеріп, Ashik Aspan бағдарламасы арқылы дрондарды басқаруды үйренеді. Бұдан бөлек Eltex заманауи технологиялық жүйелерімен жұмыс істеуге бейімделеді. Сонымен бірге олар киберқауіпсіздік және деректерді қорғау негіздерін оқиды, жасанды интеллект элементтерімен танысып, цифрлық платформалар арқылы ағылшын тілін жетілдіреді.
Әскери бөлімде қызмет етуге қолайлы жағдай жасалған. Спорт алаңдары, жаттығу залдары, белсенді демалыс аймақтары және электронды тир жұмыс істейді. Сондай-ақ бейнеаналитика жүйесі, «Ай-сұлу» боты және ARMIA.KZ платформасы сияқты қолдау сервистері жұмыс істейді.
Аталған жобаға қызығушылық жоғары. Қазіргі таңда 268 өтінім берілген. Оның 90-ға жуығы іріктелді. Бір орынға шамамен үш адамнан келеді. Орын саны шектеулі болғандықтан, үміткерлердің бәрі бірдей қабылданбайды.
SARBAZ+ жобасы мерзімді әскери қызметтің тек міндет қана емес, болашақ мамандыққа қажетті дағдыларды игерудің нақты мүмкіндігі екенін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта жобаны кеңейтіп, басқа әскери бөлімдерге енгізу жоспарлануда. Қазіргі әскерге шақыру кезеңінде мерзімді қызметтен өту үшін ең қолжетімді әрі ыңғайлы тәсілдердің бірі – онлайн өтінім беру жеткілікті болып отыр.
В Атырау -10