Атырау, 27 наурыз 12:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 481.83
€ 556.80
₽ 5.85

​«ПСЖ немесе „Атлетикоға“ ауысуы мүмкін»: польшалық сарапшы қазақстандық қақпашының қабілетіне тәнті болды

69 рет қаралды
Темірлан Анарбеков
Темірлан Анарбеков

Қазақстан футболы еуропалық сарапшылардың жіті назарына іліге бастады. Польшаның жетекші Przeglad Sportowy басылымының журналисі Мацей Калишук Қазақстан Премьер-лигасының (ҚПЛ) деңгейіне баға беріп, жас таланттардың жарқын болашағын болжады, деп хабарлайды Sports.kz.

Польшалық сарапшы қақпашылар шебіне ерекше тоқталды. Оның пікірінше, «Қайраттың» голкипері Темірлан Анарбековтің әлеуеті оны Еуропаның топ-клубтарына жетелеуі мүмкін.

«Өте талантты ойыншы. Егер ол ынтасын жоғалтпаса, оның „Атлетико“, „Челси“ немесе „ПСЖ“ деңгейіндегі клубқа ауыса алатынына күмәнім жоқ. Қазір бұл ұжымдарда қақпашылар мәселесі өзекті болып тұр, ал жас әрі қымбат емес голкипер — грандтар үшін ең тиімді инвестиция», — деді Калишук.

«Қайраттың» жетістігі мен «Ақтөбенің» амбициясы

Журналист «Қайраттың» Чемпиондар лигасының ортақ кезеңіндегі өнерін ел үшін тарихи серпіліс деп атады. Тіпті польшалық клубтардың биылғы маусымда мұндай нәтижеге қол жеткізе алмағанын атап өтті.

Сарапшы «Ақтөбедегі» жағдайға да тоқталды. Қуатты жеке қожайыны бар және құрамында жұлдызды Нани өнер көрсететін клубқа ресейлік «Анжидің» қателігін қайталамай, донецктік «Шахтерден» үлгі алып, ұзақ мерзімді жүйе құруды ұсынды.

Сатпаев «Челсиде»: табысқа жете ме?

Дастан Сатпаевтың лондондық «Челсиге» ауысуын талқылай отырып, журналист жас таланттың алдымен жалға беру (аренда) жүйесінен өтуі керектігін айтты.

«Ол бірден „Челсидің“ негізгі ротация ойыншысы болады деп ойламаймын. АПЛ деңгейіне дайын екенін дәлелдеу үшін алдымен „Страсбург“ секілді клубтарға жалданғаны дұрыс», — деп қосты сарапшы.

Мацей Калишук Қазақстан құрамасының соңғы ойындарынан (атап айтқанда, Бельгияға қарсы кездесуден) кейін еуропалық командалардың «сұңқарларды» менсінбеуіне болмайтынын, Ұлттар лигасы арқылы ірі турнирлерге шығу мүмкіндігі өте жоғары екенін қадап айтты.

Бүгін, 10:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.