
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі номиналы 10 000 теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру мерзімін бір жылға – 2027 жылғы маусымға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Бұл шешім Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының ұсынысын ескере отырып қабылданып отыр және ескі үлгідегі банкноталарды есеп айырысу кезінде қосымша бір жыл ішінде пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ оларды жаңа үлгідегі банкноталарға кезең-кезеңмен ауыстыруды көздейді.
Жаңа және ескі үлгідегі банкноталар айналымда қатар жүрген кезеңде заңды төлем құралы болып қала береді, олар ҚР бүкіл аумағында белгіленген құнына сай барлық төлемдер мен аударым түрлерін жүзеге асыруға, банк шоттарына аудару үшін қабылдануға жатады.
Ұлттық Банк «Сақ стилі» сериясымен шығарылған жаңа банкноталарды кезең-кезеңімен шығаруды жалғастырып жатыр, оның аясында ескі үлгідегі банкноталарды жаңасына рет-ретімен ауыстыруды қамтамасыз ететін айналымда қатар жүру механизмі қолданылады.
Ол кезең аяқталған соң барлық банктер мен «Қазпошта» АҚ ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға тағы 3 жыл бойы, ал Ұлттық Банктің филиалдары – мерзімсіз айырбастайды.
В Атырау -10