
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада XIV қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовты қабылдады. Мемлекет басшысы атлетке тарихи жеңісі үшін жеке алғысын білдіріп, спортшы мен оның жаттықтырушыларына мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда алтын және қола медаль иеленген Хамитовтың өнері отандық спорт үшін нағыз триумф болғанын атап өтті. Осы нәтиженің арқасында Қазақстан жалпыкомандалық есепте 18-орынға табан тіреді.
Президент жеңіс қарсаңында болған нышандық мәні бар сәтті де еске салды:
– Паралимпиада ойындарына аттанар сәтте мен еліміздің көк Туын саған табыстадым. Сол артылған сенімді толық ақтап, Қазақстанға жеңіспен оралдың. Керемет нәтижеге жеттің! Үздіктердің ішінен алға шығып, чемпион болу оңай емес. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз дайындық пен қажырлы әрі табанды еңбектің жемісі екені анық, – деді Президент.
Жеңіспен оралғандарға марапат тапсырылды
Мемлекет басшысы ХIV Қысқы Паралимпиада ойындарындағы (Италия) жоғары спорттық жетістіктері үшін Ербол Хамитовты III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығын жеткізді. Бұл ретте паралимпиадашылардың өмірі – нағыз ерліктің, қайтпас қайсарлық пен мұқалмас ерік-жігердің үлгісі екенін атап өтті ол.
Сонымен қатар туризм және спорт министрлігіне қарасты Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының жаттықтырушылары Василий Коломиец пен Антон Ждановичке «Парасат» ордені, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Үміт» мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорт клубының жаттықтырушысы Аслан Тоқбаевқа «Құрмет» ордені табысталды.
Кездесу соңында мемлекет басшысы әлем біріншіліктерінде жеңіп алған әр медаль еліміздегі бұқаралық спорттың дамуына зор серпін беретінін атап өтті. "Бұл өте маңызды. Өйткені спортпен шұғылданатын, өз-өзін қамшылап, күн сайын шыңдайтын, сондай-ақ темірдей тәртіпке үйренген адамдар тіршіліктің тауқыметіне мойымайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр", - деді ол.
В Атырау -10