
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі республикадан тыс жерлерде жүрген азаматтар үшін төлқұжат дайындау мерзімін қысқарту туралы бастама көтерді. Мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына енгізілетін тиісті өзгерістер жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Құжатқа сәйкес, ведомство құжат беру процесін екі еседен астам уақытқа жеделдетуді жоспарлап отыр. Егер қазір шетелде құжаттарды қабылдау және төлқұжат дайындау мерзімі 90 жұмыс күніне дейін созылса, түзетулер қабылданғаннан кейін бұл мерзім 40 жұмыс күніне дейін қысқарады.
Процедураларды жеделдетумен қатар, қағидаларға редакциялық сипаттағы өзгерістер де енгізілуде. Бұл еліміздегі барлық мемлекеттік электрондық сервистердің жұмысын жүйелейтін жаңа Цифрлық кодекстің енгізілуімен байланысты.
«Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін тоқсан жұмыс күнінен қырық жұмыс күніне дейін қысқарту ұсынылады», — делінген жобаның түсіндірме жазбасында.
Қазіргі уақытта бұйрық жобасы жария талқылау сатысында тұр. Қазақстандықтар құжатқа қатысты ескерту мен ұсыныстарын 2026 жылғы 6 сәуірге дейін жазып жібере алады.
В Атырау -10