Атырауға адам папилломасы вирусына қарсы вакцина бірер күнде келіп қалуы тиіс. Алайда осы вакцинаны еккеннен кейін екі қыз комаға түсіп кеткен Павлодар облысындағы оқиғадан соң ата-аналар бұл науқанға сақтана қарайтын болды.
Естеріңізге салсақ, 1 қазанда Астанада, Алматыда, Атырау мен Павлодар облыстарында 11-12 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы иммундау жөнінде пилотты науқанның басталғандығы туралы хабарланған болатын («Күмәнді вакцина»). Атырау облысында жас ерекшелігі бойынша вакциналауға4 600 қыз бала тиесілі, оның 1 500-нің ата-анасы егуге келісім берген. Науқанның мақсатын түсіндіру жөніндегі ақпараттық жұмыстар әлі де жалғасуда. Алайда Павлодар облысындағы жағдайдан кейін ниет білдірушілер саны көбейеді деп күтуге болмас. Ол жерде Баянауыл ауданының Майқайың селосындағы екі қыз бала вакцина егілгеннен кейін комаға түсіп кеткен болатын. Препарат егілген бойда қалшылдау, тұншығу, құрысу және елестеу реакциялары басталған. Балаларды ауыр халде ауруханаға жеткізген соң, олар бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина КАМЕЛОВАНЫҢ айтуынша, ол Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы әріптестеріне хабарласпақ болғанымен, байланыса алмапты. Түсінік алу үшін хабарласқан кезде Денсаулық сақтау министрлігіндегілер бұл проблеманың балалардың өздерінің аса сезімталдығына байланысты орын алып отырғандығына, сондықтан да вакцинаға осындай өткір реакция туындағандығына сенімді болған. Бірақ бұл көңіл жайландыратын жауап емес.
Мынадай сұрақ туындайды: тағы қанша бала аса сезімтал және осы қауіпті лотерея ойыны орынды ма?
Облысымызда вакциналауға 114,5 млн теңге бөлінді, екпелерді мектептердегі медицина қосындарындағы арнайы оқытылған мамандардың алты бригадасы егуі тиіс. Вакциналаудың алғашқы кезеңін айдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Екінші кезеңді екі айдан кейін, үшіншісін – жарты жылдан соң өткізу қажет. Ал балаларын ұзақ жылдар бойына сыналмаған препарат егетіндігіне сенмісіздікпен қараған ата-аналардың реакциясы одан сайын күшейе түсті.
– Бізге өткен оқу жылында алдағы уақытта вакцинациялау туралы хабарлаған болатын. Сауалнамалар таратып, өзіңнің келісетін-келіспейтіндігіңді білдіруді өтінді. Келіскен жағдайда ұсынылатын екі вакцинаның біреуін таңдау керек болды. Мен бірден бас тарттым, балаға белгісіз препаратты тықпалаудың қажеті жоқ, оның үстіне ол вирустың барлық түрінен қорғамайтынын оқыдым. Бұл жағдайда жанама әсерлер қаупі қорғаныс деңгейінен де жоғары деп ойлаймын, - деп өз ойымен бөлісті алты жасар Алинаның анасы.
Жұртшылыққа Павлодардағы төтенше жағдай туралы белгілі болғаннан кейін мектеп басшыларына 5-6 сынып оқушыларының ата-аналары балаларына вакцина салдыруға еш жол бермеу туралы өтінішпен хабарласа бастаған. Айтпақшы, оқушылар өздеріне екпе егетінін біледі екен, бірақ мұны манту деп ойлаған екен. Соңғы оқиғаларға қарағанда вакцина салдыруға келісім бергендердің көпшілігі өз келісімдерінен бас тартатын секілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар бұған дайын.
– Бұл олардың өз құқықтары, ал біз бар болғаны қалған вакциналарды кері қайтарамыз, - дейді Дина Камелова.
Зульфия ИСКАЛИЕВА