Атырау, 18 сәуір 16:26
 ашықВ Атырау +21
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

ТШО автобусы үйдің жартысын құлатып кетті (толықтырылды)

4 176 просмотра

ҮЗІЛГЕН КЕШКІ ШАЙ

- Біз үстел басында шай ішіп отыр едік, - дейді әлі болған жайттан есін жия қоймаған Мәншүк. – Асүйде мен, атам және бір жарым жастағы қызым Аружан үшеуміз болғанбыз. Бір кезде гүрс еткен дыбыс естіліп, бізді топырақ көміп тастады. Автобустың екпінінен атам едәуір жерге ұшып кетті. Ол кісінің жасы 76-да болатын, көзі нашар көреді, сондықтан да не болғанын бірден түсінбей отырған болар. Мен оған: «үйге автобус кіріп кетті» деп айқайладым. Қызым үшін қорықтым, оны автобус басып кеткен шығар деп ойладым. Құдайға шүкір, аман екен. Асүйдегі үстел көшеден бір-ақ шықты. Мен қызыма жабыстым. Ол қорыққанынан бақырып жіберді. Көпке дейін жұбата алмадым...

Апат жұмыс күнінің соңында Жарбосынов пен Молдағұлова көшелерінің қиылысында орын алды. «Петропак» компаниясына тиесілі «Тойота Лендкрузер» көлігі Жарбосынов көшесінің бойымен Авангард жаққа қарай, ал автобус Молдағұлова бойымен Сәтпаев даңғылына қарай кетіп бара жатқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, «Лендкрузер» Молдағұлова көшесін кесіп өтпек болыпты. Жол-көлік оқиғасы қиылыстың қақ ортасында орын алған. Жылдамдықпен келе жатқан автобус үйге кіріп кеткен.

Кейбір мәліметтер бойынша, «Тойотада» жүргізушіден бөлек екі жолаушы болыпты. Оның бірі шетелдік екен. Екеуін де жол полициясының қызметкерлері жеткенше жедел жәрдем көлігі алып кеткен. Автобус жүргізушісі, егде жастағы адам зардап шекпепті. Бірақ есеңгіреп қалыпты. Оның көлікжайдан жаңа ғана шығып, маршрутқа бет алған бойы екен. Апаттан кейін біраз уақыттан соң жағдайы нашарлап, оны жедел жәрдем көлігін шақырып, ауруханаға салып жіберді.

Сондай-ақ, апат болған жерге «ҚазТрансГазАймақ» қызметкерлері келіп, газды жауып тастады. Олардың айтуларынша, автобус газ құбыры мен газ тарату қалқанын да жұлып кетіпті.  

Жол полициясының қызметкерлері ЖКО сызбасын жасақтап жатқан кезде зардап шеккен үйдің тұрғындары абдыраған күйде тұрды:

- Көріп тұрсыздар ғой, үйдің жартысы жоқ, - дейді үй қожайынының ұлы Сағидолла ЖАМАЛОВ. – Үйдің бар болғаны үш бөлмесі бар, ол жерде асүйден бөлек жатын бөлме бар еді. Қазір автобусты алып тастағанда, ол жердегінің бәрі опырылып кете ме деп қорқамын. Мынадай суықта қайда ұйықтаймыз?

Айта кетелік, осыдан екі күн бұрын осы қиылыста айтарлықтай жол‑көлік оқиғасы болған. Зардап шеккендердің көршілері бұл жерде күн сайын дерлік апат орын алатынын растап отыр.

- Ең болмаса бұл жерге жол кедергісін салса қайтер еді, - дейді олар.

 

«БҰЛ ЖЕРДЕ ЕШКІМ ЖОҚ»

ІІБ ЖПБ баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢайтуынша, «Тойота Лендкрузер» көлігінің 55 жастағы жүргізушісіне (Petrofac Kazakhstan Limited компаниясының қызметкері) қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 468-1-бабы бойынша («Көлiк құралдарын жүргiзушi адамдардың жол жүрісі ережелерін бұзуы») әкімшілік хаттама толтырылған.

- Іс материалдары сотқа жолданды. Біздің деректеріміз бойынша, «Мерседес Бенц» автобусының 1953 жылғы жүргізушісіне, сондай-ақ, 1938 жылғы үй қожайынына алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Басқа зардап шегушілерге қатысты мәліметтер жоқ, - деді Мұхтарова.

Біз Petrofac Kazakhstan Limited компаниясына зардап шегуші отбасына зиян мөлшерін өтеу туралы сауалмен хабарласқан едік. Компания өкілі, шетелдік азамат аудармашы арқылы былай деп жауап берді:

- Бізден комментарий болмайды, өйткені біз бас кеңседен жауап күтіп отырмыз.

- Бірақ зиянды өтеу туралы мәселе қозғалды ма?

- Сұрақты бас кеңсеге қойыңыз. Бұл жерде ешкім жоқ.

Демалыс күндері мен Сағидолла Жамаловпен хабарластым. Оның айтуынша, қазір ол әйелінің туыстарын паналап жүр екен:

- Інім үйге қонып жүр. Ол жерде қазір жарық та, газ да жоқ, бірақ үйді қараусыз қалдыру қауіпті. Түнде түрлі адамдар жүреді ғой... Әкемді дәрігерлер сол күні кеште жіберді, еш жері сынбаған, тек жарақаттар ғана алған екен. Қолы ауырып тұр, жақпамай жазып беріпті. Үлкен кісі ғой, оның үстіне мүгедек жан. Салқын үйге шыдамайды. Қазір ол келінімен және немересімен бірге құдағайының үйінде жүр.

- Сіздерге компаниядан біреулер хабарласты ма?

- Маған өзін Ерланмын деп таныстырған бір адам қоңырау шалды. Үйді комиссиядан кейін және зиянды бағалаған соң қалпына келтіреміз деді. Әзірге уақытша баспананы, 2 бөлмелі пәтерді ұсына алатынын айтты. Бірақ біз егер уақытша баспанаға келіссек, үйімізді қалпына келтірмей қалар деп қорқамыз. Компания өкілімен болған әңгімеден түсінгенім, олар қалай өтеу керектігін әлі шешпепті. Мүмкін тек ақша аударатын шығар. Бізге сонымен қатар ТШО өкілдері де келді, үйіндінің астынан автобустың нөмірін іздеді, таба алмады. Мен үйде болмап едім, інім олардан үйді қалпына келтіру туралы сұраған екен, олар біздің қатысымыз жоқ, кім кінәлі, сол төлесін депті.

Нөмір шығар алдында мен Сағидолламен тағы да хабарласқан едім. Оның айтуынша, компаниядан басқа ешкім оған қоңырау шалмапты.

 

«БҰЛ - САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ»

Біз «Слово Защиты» адвокат-тық кеңсесінің адвокаты Татьяна МОХНАЧЕВАДАН зардап шеккен үйдің отбасы үшін осы жағдайға комментарий беруді өтінген едік:

- Ең алдымен, апатқа кімнің кінәлі екенін білу керек, әрі қарай жол-көлік оқиғасында айтарлықтай зардап шеккен адамдар жоқ болған жағдайда, сот тәртібімен апатқа кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Әрі қарай, сіздің сайттағы жарияланымда жол-көлік оқиғасына қатысушылардың – «Лендкрузер» мен автобустың ірі компанияларға тиесілі екені көрсетілген. ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес, қызметі айналасындағылар үшін жоғары қауіптілікпен байланысты заңды тұлғалар мен азаматтар (көлік ұйымдары, өнеркәсіп орындары, құрылыстар, көлік құралдарының иелері және т.б.) жоғары қауіптілік көздері келтірген зиянды өтеуге міндетті. Зиянды өтеу мiндетi меншiк құқығымен, шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе жедел басқару құқығымен немесе кез келген басқа да заңды негiзбен жоғары қауiптiлiк көзiн (көлік құралын) иеленушi заңды тұлғаға немесе азаматқа жүктеледi. Бiр тараптың кiнәсiнен келтiрiлген зиянды осы тарап толық көлемiнде өтейдi.

Осыған байланысты қызметкері жүргізген көлік құралының меншік иесі ретінде компания материалдық зиян келтіргені үшін жауапкершілікте болады, яғни оны толық көлемде өтеуі тиіс.

Сондықтан ЖКО-ға кінәліні әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін материалдық зиянды бағалап, көлік құралы тиесілі компанияға ЖКО тигізген зиянды толықтай өтеу туралы жазбаша хатпен шығу керек.

Егер жапа шегушілердің жазбаша хаты ескерусіз қалса, материалдық зиян ерікті түрде өтелмесе, компаниядан тигізілген материалдық зиянды өндіру туралы талап-арызбен сотқа шағымдану керек. «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» ҚР заңында жол полициясы бөлiмшелерiнде тiркелген (мемлекеттiк тiркеуге жататын) немесе Қазақстан Республикасының аумағына уақытша енген (әкелiнген) жеңiл, жүк автомобильдерi, автобустар, шағын автобустар және олардың негiзiнде жасалған көлiк құралдары, мотокөлiк және олардың тiркемелерi (жартылай тiркемелерi), сондай-ақ трамвайлар мен троллейбустар иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндетті сақтандырылуға жатады деп қарастырылғандығын атап өткен жөн.

Бұл жағдайда әңгіме зардап шегушілердің мүліктік құқықтарын қорғау туралы болып отыр.

Аталмыш мекемелерде үшінші тұлғалардың алдындағы жауапкершілік сақтандырылғанын сеніммен жорамалдауға болады. Әйтпесе, жоғарыда аталған Заңның нормаларына сәйкес, көлік құралын пайдалануға рұқсат берілмейді.

Сондықтан көлік құралының қожайыны ретінде компанияның азаматтық-құқықтық жауапкершілігі қандай сақтандыру компаниясында сақтандырылғанын біліп, сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы тиісті өтінішпен хабарласу керек. Әдетте, тигізілген зиянды бағалаудан бастап, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға дейінгі бүкіл процедурамен сақтандыру компаниясының өзі айналысады. Бұл да зиянның жылдам өтелуіне септігін тигізуі тиіс.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Cуретті түсірген автор

17 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.