63 жастағы Геннадий ГОРДИЕВСКИЙ өзінің көнекөз ГАЗ-67 көлігімен Атырау көшелерімен жүріп өткенде бей-жай қалатын жан болмайды. Адамдар Геннадий Ивановичке жақындап келіп, көлікке сүйсіне көз тастап, қолмен ұстап көруге ұмтылады. Дегенмен, қожайынның өзі көлігін мұражай жәдігері деп есептемейді. Көлігі әлі жүйткіп тұр, түрі де керемет келісті.
Уикипедияда жазылғандай, ГАЗ-67 маркалы машинасын бір кездері Қызыл Әскер жауынгерлері күй талғамайтын қабілеті үшін жақсы көрген екен: оны еркелетіп «газик», «козлик» деп атаған...
– Нақтырақ айтсақ, бұл машинаны 1946 жылы Молотов атындағы Горький автомобиль зауыты шығарған, - дейді зейнеткер. – Кезінде оны әкем өз танысынан – етікші Иван Ивановичтен сатып алды. Ал оның Иван Иванычке қалай тап болғанын білмеймін. Әкем, мүмкін, білген шығар. Ал мен кішкентай болдым, сұрамадым. Алайда содан бері алпыс жылдай ол бізге адал еңбек етіп келеді. Жақсы машина, КСРО-ның жолсызбен жүретін көлігі, қазіргі джиптерге оған жету қайда-а. Рас, жылдамдығы аздау, сағатына 50 шақырым жүреді. Бірақ тарту күшіне оған тең келетін ештеңе жоқ. Мен мұны жүргізуші, шебер ретінде айтамын. Бөлшектерін мен өзім сайлап аламын, оны күтіп ұстаймын, сондықтан да ол осындай әдемі боп тұр. Таң қаларсыз, бірақ бүкіл қозғалтқышын өзім салғанмын. Бірде бір бөгде бөлшек жоқ. Міне, ол осындайлығымен ерекше.
ГАЗ-67 көлігін Горький көлік жасау зауыты 1942 жылдан 1953 жылға дейін бірнеше жыл ғана шығарды. Соғыс кезінде жасалған машина, әрине, әскери мақсатқа арналып, командирлік-барлау көлігі деп есептелді. Пайдалы ашық кузовы таңбаланған бөлшектерді талап етпеді және технологиялық тұрғыдан жақсы болды. Шатырдың орнына брезент перде болды. Егер брезент қалқаны жайып, маңдайдағы әйнегін түсірсе, машинаны оңай бүркемелеуге болады. «Газикке» қысқы формадағы және қарулары бар бірнеше жауынгерлер сыяды. Жүк машиналарымен қатар бір жолмен қозғала алады және тар жерлерден өтіп кетеді. ГАЗ-67 американдық Willys көлігіне қарағанда анағұрлым орнықты және отынға талғампаз болмады. Құрастырушылар машинаға арнайы ілмек жасаған. Оған жеңіл артиллерия қару-жарағын тіркеп, таситын.
– Жүргіншілердің көбі «Атай, бұл американдық джип шығар?» деп сұрайды. Қандай ақымақтық, а? – деп күледі Геннадий Иванович. – Ол кеңестік, өзіміздің тұлпарымыз!
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор