Атырау, 20 сәуір 03:54
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Спорт жаңалықтары

4 164 просмотра

Қанжығамызға алтын байладық

«Атырау» ДСК-нде 1998-99 ж.т. жасөспірімдер арасында бокстан спорт шебері Қамбар Андашевты еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнир өтті.

Алтын медальдардың саны бойынша командалық 1-орынды шаршы алаң иелері (7) алды. Екінші орында Маңғыстау облысы (4), үшінші орында – Батыс Қазақстан облысы.

Атырау облысы құрамасының сапында өз салмақтарында жеңімпаз атанғандар бар. Олар: Мерей Құрманғазы (Ганюшкино), Расул Сатанов (Доссор), Айболат Еркінов (Құлсары), Павел Бонин (Махамбет), Бекзат Ағидоллаев, Аян Борашев және  Бексұлтан Шахметұлы (бәрі де Атыраудан).

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

***

 

Шебер екенін дәлелдеді 

Болгарияның Бургас қаласында өткен самбо бойынша әлем чемпионатында дзюдодан Атырау облысы бойынша аға бапкер Аманбай ҚЫЗДАРБАЕВ (суретте) алтын алқаға ие болды.

40-44 жас санатында өнер көрсеткен ол 4 жеңіс жекпе-жегін өткізіп, финалда ресейлік әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегерінен үстем түсті.

Аманбай Азия чемпионы, Әлем кубогының жеңімпазы және жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Наурызбек Майлашевтың жеке бапкері.

***

 

 

Өсіп келе жатқан команда

26 қыркүйекте ««Атырау» су спорты түрлері бойынша облыстық командасы» КМК-ның құрылғанына бір жыл болды. Команда директоры, 2004 жылғы Афины Олимпиадасына қатысушы, орынжай ішіндегі Азия ойындарының бірнеше дүркін чемпионы Виталий ХАННЫҢ айтуынша, бапкерлер Дамир Есенқұлов, Ильфат Гатиятуллин және Иван Галкин бірінші разрядты 24 спортшыны дайындады. Шәкірттері Бақдәулет Әбу мен Алексей Суслов спорт шеберлігіне үміткер атанды.

Жаңа басталған оқу жылында қала мектептері бастауыш сыныптарының 7 мың оқушысын жүзуге тегін үйрету жоспарланып отыр. Балалар өз командасының бір жылдығын зияткерлік, ән және би байқауларына қатысу арқылы атап өтті.

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Халықаралық турнир

Құлсары қаласында спорт ардагері Марат Мауменовты еске алуға арналған еркін күрестен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті.

Жарысқа Қазақстан мен Қарақалпақстаннан жас палуандар қатысты. Жергілікті спортшылар арасынан «алтын» алғандар бар. Олар: Құлсарыдан - Айдын Бисенбин, Еркебұлан Қанатов және Ерболат Орысбай; Атыраудан - Айдын Тілепбергенов пен Алтынбек Смағұл. Балаларды жарысқа А.Жаманбаев, А.Лекеров, Н.Әлжанов және К.Жұманов дайындады.

***

 

Жеңіс біздікі

Алматыда өткен Еуразия Ойындарында құлсарылық Ерболат Рахманов еркін күрестен алтын медаль жеңіп алды.

Ерболат 35 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Ол Тәжікстан мен Қырғызстан құрамаларының өкілдерімен кездесіп, екеуін де айқын басымдықпен ұтты. Жас палуан Құлсары қаласындағы БЖСМ-да Қабдығали Жұмановтан дәріс алады.

***

 

Арнайы жасақ - екінші орында 

«Атырау» ДСК-нде қылмыстық іздестіру қызметіне 95 жыл толуына арналған ІІД бөлімшелері арасында мини-футболдан турнир өтті.

1-орынды Құрманғазы АІІБ командасы, 2-орынды «Арлан» арнайы жасағы бөлімінің жауынгерлері, 3-орынды Индер АІІБ қызметкерлері ұтып алды. Турнирдің үздік ойыншылары: қақпашы Қуаныш Шаненов, қорғаушы – Бақтыбек Исаев, шабуылшы – Сансызбай Төлегенов.

***

 

Ауыл тұрғындары додаға түсті 

3-БЖСМ-де, «Балықшы» ДСК-нде және Сырым Датов көшесіндегі спорт алаңқайында «Ақбидай» облыстық ауыл спартакиадасы өтті.

Бас төреші Бұхар Нұрсұлтановтың айтуынша, жарысқа Атырау қаласы және барлық аудандардың командалары қатысты. Жеңімпаздар мыналар: мини-футбол –Атырау қ. ( «Дамбы» с/о), волейбол (әйелдер) – Атырау қ. (Геолог және Жұмыскер с/о), (ерлер) – Атырау қ. (Геолог с/о), армрестлинг –Атырау («Еркінқала» с/о), кір тасын көтеру – Исатай ауданы, қазақ күресі – Қызылқоға ауданы, тоғызқұмалақ – Махамбет ауданы. Жарыс қорытындысы бойынша 10-15 қазан аралығында Шымкент қаласында өтетін «Ақбидай» республикалық спартакиадасына қатысатын облыс құрамасы іріктелді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

10 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.