Атырау, 23 қараша 16:19
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сары ата. Темір мен сүйменнен де мықты жан

17 196 просмотра

Келер жылы Балықшы поселкесінде Сары молда атындағы мешіт салыну жоспарлануда. Қазіргі кезде мешіт құрылысының эскиздік жобасы мен эксперттік қорытындысы дайын. Мешіт 2 қатарлы, 350 орынға арналған.

 

ЕСІМІ ОНЫҢ- ЕСМАҒАМБЕТ ДОСМАҒАМБЕТҰЛЫ

Біздің Сары молда деп отырғанымыз – жергілікті халық арасында Сары ата есімімен таныс адам. Есмағамбет Досмағамбетұлы 1863 жылы Доссор маңында дүниеге келген. Он екі ата Байұлының Шеркеш руынан тарайды. Хорезмде діни білім алып, кейін Қазанда сопылық оқуын жалғастырған. Одан соң сол жерде білім алған 50 шақты адамды Меккеге жіберген екен. Кейіннен Атырау жеріне келіп, өмірінің соңғы күндеріне дейін қазіргі Балықшы поселкесіне қарасты Перетаскі ауылында тұрған. Сол жерде бақилық болған, зираты да сонда.

Оны білетіндер көзі тірісінде ол дертіне дауа таппаған пенделерге көмегін беріп, халық ықыласына бөленген жан деседі. Қазірдің өзінде халық ішінде оның зираты басына түнеп, Алладан шипа сұрайтындар бар.

Сонда ол кісі шынында кім болған? Шындықты аңыздардан ажырату өте қиын. Мәселен, көпті көрген қариялар Сары атаның ауада өздігімен ұшатын және кеңістікте жылдам қозғалатын қасиетінің болғанын айтады. Жер-жаһандағы жан-жануар, тіршілік атаулының тілін білген Сүлеймен пайғамбар да, бүкіл шығысқа танымал Бекет ата да осындай қасиет иелері. Тіпті көне шығыс ертегілеріндегі Аладдиннің кілеммен ұшуы да ойдан шығарылмаса керек.

«Бір кездері Құлсарыда отырсақ, қазір шақырған Сары атамыз Атыраудан 5 минут ішінде келіп жететін», - деп еске алатын олар бастары қосылғанда.

Сары ата - Есмағамбет ДосмағамбетұлыСары ата - Есмағамбет ДосмағамбетұлыАл көп жылдар ұстаз болған, марқұм Алма САЛЫҚОВА бір естелік кітапта былай деп жазды: «Мен ол кісіні 1952-53 жылдары алғаш рет көрген едім. Кіші қолдау, сары өңді, шоқша сақалды ата еді.  Есімде, отырған жерінде жанында  асатаяғы сүйеніп тұратын. Көздері шырақтай еді, ешқашан көзәйнек кимейтін».

Таңғажайып қабілетке ие сопы қарияның бет-бейнесі екені анық.

Тағы бір көрген көздер Есмағамбет қарияның өте кірпияз, тазалықты сүйгендігін айтады. Бөлмесі үнемі тап-таза, өзі тек кіршіксіз ақ матамен қапталған төсекте отырады екен. Киімі де түгелімен ақ матадан тігілген.

Бұл кісінің емшілік қасиеті туралы Мақыш ШАЛАБАЙҚЫЗЫ есімді апай өз басынан өткен мына бір жағдайды әңгімелеп берді:

- 1984 жылы тұрмыс құрып, кішкентайлы болдым. Бұл қыс мезгілі болатын. Бір күні омырауым ісіп, қатты ауырдым. Бәлкім, менің айтқаныма ешкім сенбес, бірақ дәрігерге барудың алдында түнде түс көрдім. Түсімде кішкентай бойлы ала шапан киген атаның «төрт» деген сөзді қайта-қайта айтып, үстелдің үстіне қалаш нан қойып, «мә, осыны же»  деп берді. Таңертең тұрсам, астапыралла, іскен омыруым төрт жерден тесілген екен. Сол жерден ішіндегі іріңді су шүмектеп кеткен екен. Киімім мен төсегім малмандай су болыпты. Содан кейін жазылып кеттім. 

 

НКВД-НЫҢ БОС КАМЕРАСЫ

Сары атаға қатысты халық арасына көп тараған аңыздардың бірі сталиндік репрессия кезімен байланысты. «Сіз тұтқындаласыз!» деп келген жендеттерге ол кісі: «Балаларым, босқа әуре болмаңдар, уақыттарыңды кетірмеңдер. Жұмыстарыңнан қаласыңдар» десе де, олар оның айтқанына құлақ аспаған екен. Олар Сары атаны Оралға апарып, ату жазасына кесіпті. Ертеңгісін камераға келсе, ішінде ешкім болмай шығады. Қайда кеткенін, үлкен құлыпты түрме камерасынан қалай шығып кеткенін милиция қызметкерлері түсінбей, үйіне іздеп келсе, ол кісі намазын оқып отыр екен дейді. Тағы да түрмеге алып келіп, сыртынан екі құлып салып қояды, ертесіне келіп, тағы да ұшты-күйлі жоқ екенін көреді. Тіпті тергеуші сұрағына жауап беріп, оның соңына қол қой деп ұсынған қағазындағы жазулар да жоқ болып кетеді-міс. Бұл оқиға да бірнеше рет қайталанғасын, НКВД жендеттері ойларын жүзеге асыра алмаған деседі.

Тағы бір естіген әңгімелерге сүйенсек, Сары молданың бірге жүрген жолдастары бір күні әзілдеп: «Сенде тылсым қасиет бар дейді, сол рас па? Көрсетші, қане, бәріміз куә болайық» депті. Содан «Қоймадың ғой, өз обалың өзіңе» дегенде әлгі кісінің тамақ жеп отырған жағы қарысып қалыпты деседі. Тағы бір отырыста отырғанда адамдардың осындай қолқалауы басталады, сонда адамдардың отырған жері көлкіген суға айналыпты-мыс.

Сары молданың қасиетіне сенетіндердің бірі Мұрат ЖАРЫЛҒАСОВ өзінің өмірге келуі туралы таң қаларлық әңгімені айтып берді:

- Менің анам Нәзипа бала көрмей, Сары молда атаға келеді. Сонда Сары молда: «бес жалқы, екі егіз бала табасың. Егіздің біреуі дүниеден озады, біреуі тұрады» деген екен. Содан түсіне екі жылан көрген анам дүниеге егіз бала әкеледі. Мақсат есімді бала шынымен аз күннен кейін қайтыс болады. Ал екіншісі – менмін. Сол кісінің айтқандарына әлі күнге тек таңырқап келемін, - дейді Мұрат аға. Бұл кісінің айтуынша, Сары Молда қолданған 1856 жылғы көне Құран Кәрім әлі де өзінде сақтаулы екен.   

 

ТАҢҚАҚТЫҢ АЙТҚАНЫНА ДА ТАҢ ҚАЛАСЫҢ

Сары молда туралы әңгімелерді кейде тыңдап отырып, халықтың ойдан шығарғаны ма деп те ойлайсың. Бірақ ұлы Таңқақтың басынан өткерген оқиғасына сенбеске болмайды. Оның қағазға түсірілген әңгімесін қызы, яғни Сары атаның немересі Ағиба бізге ұсынды:

-Әкем мені Ұлы Отан соғысына аттандырып жатып: «Балам, елге аман келесің, бірақ бір мүшең кем болады. Ал ағаң сол ұрыс даласында мерт болады» деп шығарып салады. Содан әкеміздің екі баласы майданға аттандық. Ағай соғыс даласында шәһит болды, қара қағаз алдық. Мен соғыста жараланып, елге оралдым, әкем айтқандай, бір мүшем кем болды. Сталинград түбіндегі қанды майдан еді. Командиріміз әскери дайындықтан кейін: «Ертең таңда ұрысқа шығамыз» деді. Сол күні түнде көзім ілініп кеткен екен, түс көріп шошып ояндым. Бір атқа мініп келе жатыр екенмін, бір кезде атым сүрініп кетіп, бір аяғын бауырына ала құлады. Әкем «тап осы жерде» деп дауыстап жанымнан өте шықты. Оянып кетсем, жаңағының бәрі түс екен. Әкемнің айтқаны осы жерде болмағай деп ойладым. Таңда ұрысқа шықтық. Майдан даласы өрт болып жатыр. Ысқырық, зуылдаған снаряд оқтарының дауысынан құлағың тұнады. «Алға, алға!» деген командир даусы толассыз естіліп, гүрсіл жарылыстар болды. Бір мезгілде маған оқ тиді. Бір аяқтан қан кетіп жатыр. Ұрыс даласынан санитарлар алып шықты, сол бойда госпитальға апарып салды. Әрине, оқ тигесін ес-түссіз қалыппын. Біраз емделіп, бір аяқтан айрылып елге келдім. Әкемнің айтқаны дәл келді.

Ұлының тағы бір әңгімесі мынау:

- Әкем «Балам, маған бақилық кез келе жатыр, 40 күн ішінде басымнан от шығатын болса, маған ел келетін болады. Соларды күтерсің» деп еді. Шынымен, бейіт іргесінде тұратын тұрғындар кейін зират басынан шығатын отты байқапты. Ол жерде күкірт бар екені белгілі болғасын, қорымды бұзбақ болып үкімет әрекет жасаған, бірақ қазуға барған тракторлар бұзылып қала береді екен. Содан кейін бұл қорымды бұзу жоспары тоқтатылды.

Биыл мамыр айында Сары молданың 150 жылдығына орай үлкен ас берілді.

 

СҮЙМЕНМЕН ӨЛТІРЕ АЛМАЙСЫҢ

...Сары молда туралы ресми деректер алу үшін ұлттық қауіпсіздік комитетіне, жергілікті музейге, өлкетанушыларға, сауалдармен шыққанбыз. Бірақ, олардан бірде-бір нақты мәлімет табылмады. Бірақ Сары ата - өз замандастарының бәрі таныған, артына балалары мен немерелерін қалдырған, өмірде болған адам.

Ал оның ерекше қабілеті мен емделгендердің әңгімелеріне келсек, мүмкін, бұл жерде әсірелеу де бар шығар. Шындығында, шоқша сақалды бұл қария репрессияның тұтқынынан босап шығып, адамдар үшін көп игі істер жасай білді. Ол адамдардың арасында адамдар үшін өмір сүрді, олардың басын қатырмады, «ширк» немесе «такфир» деп қорқытпады, олардың емделуіне көмектесті. Ол халықтың молдасы болды. Сондықтан да ол қазіргі қазақ мәйіттерін талқандап, оның бейнесі мен ол туралы естеліктерді балтамен де, сүйменмен де өшіргісі келген фанатиктердің идеялық қарсыласына айналды. Егер сталиндік репрессияның шеңгелінен тірі қалған болса, жат идеология ұстанғандардың оған шамасы жетпесі анық.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

10 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.