Қашағандағы отын газының апатты шығарындысы. D аралы. 26 тамыз 2013 ж.6 қазанда «Болашақ» зауытындағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін «Қашаған» кенішінде қайтадан ұңғымалар ашылып, мұнай өндіру жұмыстары басталды, деп хабарлады NCOC баспасөз қызметі.
Баспасөз релизінде 24 қыркүйекте зауыттан 2,5 шақырым жерде орын алған D аралынан «Болашақ» зауытына дейінгі тұрба құбырында газдың кету себебі анықталды, деп хабарланды (ЖС, №39, 26.09.2013 ж., «Тұрба тағы сыр берді», ЖС, №40, 3.10.2013 ж., «Уақыт келді, ал Қашаған әлі тұр» жарияланымдарын қараңыз). Бірақ себебі айтылмаған. Баспасөз релизіне сәйкес, 28 қыркүйекте басталған тұрба құбырындағы жөндеу жұмыстары аяқталды. «6 қазанда күндіз D аралында ұңғымалар ашылды, мұнай өндіру еш қиындықсыз қайта жалғасты», - делінген баспасөз релизінде.
Өз кезегінде, газ кету себебі туралы 7 қазанда, дүйсенбіде өткен үкімет сағатында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан ҚАППАРОВ әңгімеледі. Оның айтуынша, қайраңнан құрлыққа («Болашақ» зауытына) газ жеткізетін газ құбырынан газдың кетуіне сапасыз тұрба себеп болған.
– Қашағандағы газ кету салдарынан зиянның бар-жоғы анықталуда, - дейді министр.
Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВТЫҢ айтуынша, тергеу нәтижелері бір аптадан соң белгілі болады.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА