7 қазанда Ақтөбе қаласында Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТІҢ әкесі Сәулебай РЫСҚАЛИЕВ 78 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Сәулебай Рысқалиев – үш ұл, төрт қыздың әкесі. Олардың ішінде ең танымалы - Бергей мен кәсіпкер, экс-мәжілісмен Аманжан Рысқалиевтар.
Екеуі де бюджет қаржысын жымқыру туралы істер бойынша іздеуге жарияланды. Сол себепті олардың 9 қазан күні өтетін әкесінің жерлеу рәсіміне қатысуы да неғайбіл.
Сәулебай Рысқалиев Атырау облысы Қызылқоға ауданында дүниеге келген. 18 жасында Доссор поселкесіндегі кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсіп, бір салада ұзақ жылдар еңбек еткен ол Ақтөбеге қоныс аудармай тұрып, жолдасы Мәдениет екеуі бүкіл ғұмырын Мақат поселкесінде өткізді. Мұнай өндіруші оператор, шебер жұмыстарын атқарды.
Ләззат КАРАЖАНОВА