
Қазақстан мұнай өңдеу қуатын қазіргі 18,4 млн тоннадан 2033 жылға қарай жылына 40 млн тоннаға дейін арттыру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруда.
Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын (МӨЗ) кезең-кезеңімен жаңғырту 2030 жылға қарай дизель отыны тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Ал 2033 жылы қуаты 10 млн тонна болатын төртінші МӨЗ іске қосылса, авиакеросинге деген ішкі сұраныс толық қамтамасыз етіліп, К5 стандартына сай жоғары сапалы мұнай өнімдерін экспорттау мүмкіндігі туады.
Сонымен қатар Қашаған кен орнында газ өңдеу қуатын арттыру жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдың соңында ГӨЗ-1 іске қосылып, жылына 2,5 млрд текше метр тауарлық газ өндіру жоспарланып отыр.
Мұнай-газ химиясы саласында басымдық терең өңдеуге берілген. Полиэтилен, бутадиен және карбамид өндіру жобаларын іске асыру қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді — шикізатпен салыстырғанда өнімнің құны 20 есеге дейін артады. Сондай-ақ 2026 жылы Павлодар облысында алкилат өндіретін зауыт құрылысы қарқынды жалғасып, бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтеуге ықпал етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2026–2033 жылдары жаңа МӨЗ-дің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, жобалау, салу және пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде елдегі мұнай өңдеу көлемі жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізіледі.
Кеңейту жобалары мұнай өнімдері тапшылығын кезең-кезеңімен қысқартуға бағытталған. 2033 жылдан бастап авиакеросин тапшылығы жойылып, көрші елдерге жанар-жағармай экспорты басталады. Қолданыстағы зауыттарда мұнайды терең өңдеу деңгейі 94%-ға дейін өсіп, отын сапасы К5 экологиялық стандартына дейін жеткізіледі.
В Атырау -10