ӘБУ-ДАБИ. 8 қазан. ҚазАқпарат - Мысырдың уақытша президенті Адли Мансұр жоғары мемлекеттік лауазымындағы алғашқы шетелдік сапарымен Эр-Риядқа барды.
Бақылаушылардың пікірінше, бұл Мысырға саяси және экономикалық қолдау көрсеткен Корольдікке деген жаңа биліктің алғысын білдіреді.
Сауд Арабиясының королі Абдолла - А.Мансұрдың уақытша билігін алғашқы болып мойындап, 2013 жылдың шілдесінде Каирға бес миллиард қарыз беретінін жариялаған араб көшбасшыларының бірі. Бүкіл елді дүрліктірген миллиондаған қарсылық шараларынан кейін «Мұсылман бауырлар» ұйымын Мысыр әскері ысырып тастады.
Адли Мансұр «Ашарк Әл Аусат» Сауд Арабиясының газетіне берген сұхбатында «бұл елге жасаған сапарын маңызды қажеттілік», - деп атап өтті. - Мен Сауд Арабиясының королі Абдоллаға бізге қолдау көрсеткені үшін алғысымды жеке өзім жеткізгім келді», - деді Мысыр елінің өкілі.
Мысырда қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайға байланысты А.Мансұр билігі алдағы уақытта да Сауд Арабиясының қаржылай қолдауына жүгінеді. Египеттегі саяси оқиғалар 2011 жылдың басында басталды, соның салдарынан елде туризм мен шетелдік инвестиция тарту мәселесі тұралап қалған.
Екі жақ сонымен қатар, Таяу Шығыстың өзекті мәселелерін, оның ішінде Сириядағы қақтығыс, палестиндік-израильдік келіссөздер және өзге де сұрақтарды талқылайды деп жоспарлануда. Эр-Риядтан кейін Мысырдың уақытша президенті Иорданияға жұмыс сапарымен барады деп күтілуде.
Дереккөз: inform.kz