Фукусимадағы апат «атомдық қайта өрлеуді» тоқтатып тастады. Бұл жөнінде бүгін Астанада өтіп жатқан VIII KAZENERGY Еуразиялық форумы кезінде Францияның бұрынғы премьер-министрі Франсуа Фийон мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Бүгінде «атом энергетикасы» мәселесі энергетикалық пікірталастағы басты мәселе болып тұр. Бұл 50 жыл бойы Франция үшін басымдық боп келді. Фукусимадағы апат енді басталып келе жатқан атомдық ренессансты тоқтатып тастады. Атом энергетикасы техникалық сапалылығы артқан, көмірсутекпен салыстырғанда өзіндік құны тұрақты және парниктік газдар қалдығын төмендетудің күшті құралы боп табылады және атом энергетикасының артықшылықтары қазір де өз күшін жоғалтқан жоқ. Швеция, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей, Үндістан және Франция сынды көптеген елдер мұны түсінді», - деді Ф.Фийон.
Сондай-ақ Францияның экс-премьер-министрі атом энергетикасынан толықтай бастартқан Германияның тәжірибесі сәтсіз екенін айтып өтті. «Ешбір ел 2020 жылға қарай атомдық энергетикадан толық бас тартып, өзінің энергетикалық тәуелсіздігін арттырамын деген Германиядан үлгі алмауы тиіс. Мұндай шешім қабылдаған Германия енді бар күшін көмірге жұмсауға мәжбүр», - деді ол.
Дереккөз: bnews.kz