
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов саланың жетекші сарапшылары және аналитиктерімен кездесіп, отын-энергетика кешенін дамыту стратегиясын және нарықтағы реформаларды талқылады.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы аясында энергетикалық саясатты іске асырудың нақты тетіктері қаралды. Министр жер қойнауын халық игілігі ретінде бекіту мемлекеттік басқарудың жаңа стандарттарын енгізуді талап ететінін атап өтті. Осы мақсатта жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша ашық электрондық аукциондар өткізу көзделген. Бұл тетік ресурстарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп, инвесторлардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Технологиялық даму бағытына ерекше назар аударылды. Министрлік өндірісті міндетті цифрландыруға және ғылымның рөлін күшейтуге басымдық беріп отыр. Инновациялар жер қойнауын пайдаланушылар үшін құқықтық талапқа айналып, мұнай кен орындарындағы өндіру тиімділігін арттыруға жол ашады.
Сондай-ақ минералдық-шикізат базасының жай-күйі талқыланып, геологиялық барлау қарқынын арттыру және жаңа газ кен орындарын игеру жоспарланды. Инвестициялық ахуалға қатысты тарифтік саясат мәселесі көтеріліп, әділ баға қалыптастыру арқылы жаңа қуаттарды іске қосу қажеттігі айтылды.
Көмір химиясын дамыту, парниктік газдар шығарындыларын азайту және мұнай өңдеу зауыттарының тұрақтылығын қамтамасыз ету де күн тәртібінде болды.
Кездесу соңында Ерлан Ақкенженов сарапшылармен тұрақты диалог жүргізуге дайын екенін білдіріп, кәсіби пікір алмасу энергетикалық қауіпсіздік пен ел экономикасының орнықты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
В Атырау -10