
Жамбыл облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы өңірдегі кәсіпорындардың қауіпті өндірістік қалдықтармен жұмыс істеу тәртібіне талдау жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.
Тексеру барысында пайдаланылған жабдықтар, майлар, бұрғылау қалдықтары және құрамында зиянды заттар бар басқа да өндірістік қалдықтардың арнайы полигондарсыз жойылып жатқаны белгілі болды.
Мамандандырылған полигондардың жоқтығынан кейбір табиғат пайдаланушылар экологиялық есептерде қалдықтарды үшінші тараптарға тапсырғанын көрсеткен. Алайда бұл ұйымдардың тиісті лицензиясы болмағаны немесе келісімшарттардың тек формалды сипатта жасалып, іс жүзінде орындалмағаны анықталды.
Нәтижесінде қауіпті қалдықтар бақылаусыз орналастырылып, қоршаған орта мен халық денсаулығына қауіп төндірген.
Қадағалау актісінің негізінде Экология департаменті 8 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 4-бөлігі бойынша жалпы сомасы 5 миллион теңгеге жуық айыппұл салды.
Сонымен қатар, заңбұзушылықтарға жол берген нысандармен жасалған қалдықтарды жою туралы келісімшарттар бұзылды.
Экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау жұмыстары жалғасуда және прокуратураның тұрақты назарында.
В Атырау -10