
Ресей мен АҚШ арасындағы стратегиялық шабуыл қарулары туралы келісімнің (СНВ-III) мерзімі аяқталды. Бұл құжат екі елдің ядролық арсеналын шектеп, халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз еткен негізгі келісімдердің бірі саналған еді. Енді тараптарды жаңа қарулану жарысынан ештеңе тежеуі мүмкін емес, деп хабарлайды BBC News Русская служба.
СНВ-III 2010 жылы қол қойылып, 2021 жылы бес жылға ұзартылған болатын. Ол ядролық оқтұмсықтар санын 1550-ға дейін, ал тасымалдаушы құралдарды 800-ден аспайтын деңгейде шектеген. Сонымен қатар келісім тұрақты инспекциялар мен деректер алмасуды қарастырған, бұл өзара сенім мен ашықтықты қамтамасыз еткен.
Алайда соңғы жылдары тараптар арасындағы сенім күрт төмендеді. 2023 жылы Ресей келісімге қатысуын тоқтатты, ал АҚШ жаңа келісімге дайындық танытпады.
Мәскеу СНВ-III шектеулеріне бағынбайтын жаңа жүйелерді дамытып жатыр. Олардың қатарында «Посейдон» суперторпедасы, «Буревестник» қанатты зымыраны және ауыр баллистикалық «Сармат» бар. «Сармат» ядролық блоктарды ғана емес, гипердыбыстық «Авангард» планерін жеткізуге арналған. Бұдан бөлек, орта радиусты «Орешник» зымыраны Украинаға қарсы екі рет қолданылған.
Вашингтон да стратегиялық ядролық күштерін жаңартуды жалғастырып отыр. Дональд Трамп жариялаған «Алтын күмбез» атты стратегиялық зымыранға қарсы қорғаныс жобасы ядролық тежеу жүйесімен тікелей байланысты. АҚШ жаңа тасымалдаушыларды жасап, бар оқтұмсықтарды модернизациялауда. Конгресс есебіне сәйкес, алдағы он жылда ядролық күштерді ұстап тұру мен жаңартуға шамамен 946 млрд доллар қажет болады.
Сарапшылардың пікірінше, СНВ-III-тің аяқталуы қару-жарақты бақылау жүйесінің толық күйреуін білдіреді. Бұл жақын жылдары ядролық және стратегиялық қарулардың көбеюіне алып келуі мүмкін.
В Атырау -10